СҚО-да екі күнде шетелдіктерді жұмысқа заңсыз алудың 12 дерегі анықталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасының екі күнінде шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 12 фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12-14 қыркүйек аралығында өңір полицейлері жалдамалы пәтерлер мен базарларды, құрылыс алаңдарын, шаруа және фермерлік қожалықтарды, шетелдіктердің басқа да болуы мүмкін жерлерін тексерді. «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасының мақсаты – еліміздің көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу.
«Әрбір тексерілушімен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, өзінің құқықтық мәртебесін уақтылы реттеу, ҚР болу мерзімдері мен ережелері туралы заң талаптарының бұзылуына жол бермеу қажеттігі туралы еске салынады. Іс-шара барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың бірқатар фактісі анықталды. Мысалы, ЖШС-нің бірі құрылыс жұмыстарына Өзбекстан азаматтарын заңсыз тартқан. Жұмысшыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша материалдар жинақталды. Жұмыс берушілер де жазасыз қалмады. ҚР ӘҚБтК 519-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нұсұрбаев.
Полицейдің айтуынша, заңды тұлғалар ЕАЭО кіретін мемлекеттердің азаматтарын ғана жұмысқа қабылдай алады. Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан сияқты елдердің тұрғындары тек жеке тұлғаларға ғана жұмысқа орналасуға құқылы.
«Жедел профилактикалық іс-шара аясында шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 2 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды. ҚР-да болу ережелерін бұзған 71 шетел азаматы анықталды. Сондай-ақ, көші-қон қызметін шетелдіктердің болуы туралы уақтылы хабардар етпеген 51 солтүстікқазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл арқаламас үшін мұны 3 жұмыс күні ішінде атқару керек. Басқа мемлекеттердің 6 азаматы ҚР көші-қон заңнамасын жүйелі түрде бұзғаны үшін Қазақстан аумағынан шығарылды», - дейді Ермек Нұсұрбаев.