СҚО-да екі күнде шетелдіктерге қатысты 13 заңбұзушылық анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да екі күнде шетелдіктерге қатысты 13 заңбұзушылық анықталды

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күннің ішінде өңірдің 24 тұрғыны ескерту алды. Олар миграциялық қызметке үйлерінде шетелдіктердің бар екені туралы хабарды 3 тәулік ішінде жеткізбеген. Бұл – «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ең жиі анықталған дерек. Операция СҚО-аумағында 1 ақпанда басталып, 5 ақпанға дейін жалғасады.

«Қазақстандықтар үйлерінде шетелдіктерді қарсы алғанда міндетті түрде үш күннің ішінде миграциялық қызметті ескертулері қажет. Ол үшін баспана иесі құжаттарымен жақын маңдағы бөлімшеге баруы тиіс. Ал электронды қолтаңбасы барлар egov.kz порталында бұл жұмыстарды қашықтан атқара алады. Барлық тиісті ақпаратты 87152 33 00 23 телефон нөмірі арқылы хабарласып білуге болады», - дейді СҚО ПД миграциялық қызмет басқармасының бастығы Талғат Әбілев.

Операция басталған екі күннің ішінде заң бұзған 13 шетелдік анықталды. Олар жұмысқа рұқсатсыз орналасқан, тіркеу құжаттарының мерзімі өтіп кеткен.

«ЕАЭО елдеріне кірмейтін шетелдіктер Қазақстанда тек арнайы рұқсатпен жеке тұлғаға үй жұмысшысы ретінде ғана жұмысқа орналаса алады. Тексеру барысында екі ауыл тұрғынының өз үйлерінде шетелдіктерді рұқсатсыз жұмысқа салғаны анықталып, жазаланды. Жалпы өңірде жағдай қалыпты, қазір СҚО-да 2801 шетел азаматы тұрып жатыр», - дейді Талғат Әбілев.