СҚО-да екі жыл қатарынан қызылшамен сырқаттану тіркелмеген
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі жылда қызылшамен ауырғандар тіркелмеген. Мамандар мұны вакцинаны уақытында алумен түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде қызылшамен соңғы рет 2020 жылы 14 адам ауырған.
Қызылша – қауіпті дерттердің бірі. Инфекция адамнан адамға жұғады. Қызылшамен ауырған адамның температурасы 38-40° C дейін көтеріледі. Ең басты белгісі – денеде бөртпе пайда болады. Сырқатта әлсіздік, бас ауруы болып, тәбеті төмендейді, ұйқысы бұзылады.
«Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Ондайда өкпе немесе ортаңғы құлақ қабынады. Кей жағдайда энцефалит (мидың қабынуы) болуы мүмкін. Қызылшамен ауырып сауыққаннан кейін 2 айға дейін иммунитет төмендейді. Сондықтан да бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін, сол себепті оны шамадан тыс жүктемеден, мүмкіндігінше науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.
Егер адам қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмесе, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін 100 % жағдайда жұқтырады.
«Қызылшамен ауырған науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн бойы қауіпті. Ал ауырып, сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Қызылшамен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі.
Аурудан қорғанудың бірден бір жолы Ұлттық егулер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцина алу. Ата-аналар балаларының қызылшаға қарсы екпе алған-алмағанын тексеріп, вакцинация болмаған жағдайда профилактикалық егу жасатуы тиіс», - дейді маман.
Ал қызылшаның алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн. Асқынған жағдайда жедел жәрдем қызметін шақырту керек.
«Инфекцияға қарсы күрестің ең қолжетімді және тиімді әдісі – вакцинация. Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбелігіне сәйкес балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациялау 12 айлық кезінде және қайталап 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаға қарсы вакциналар 20 жылға дейін сақталатын иммунитетті қалыптастырады. Вакцинация эпидемиялық жағдайдың нашарлауы кезінде жасалса да, қызылшаның дамуына жол бермейді», - дейді Айнаш Сағандықова.