15,5 мың құс өлді: СҚО-да былтырғы қырғын неге қайталанды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Шаховское елді мекеніндегі 30-ға жуық отбасының өсіріп отырған құсы бір ай ішінде қырылып қалды. Ресми мәлімет бойынша, жалпы 15,5 мың құс өлген.
Оқиға елді мекенде бір жылдан кейін қайталанып отыр. Былтыр қараша айында тұрғындардың 7,6 мың құсы қырылды. Ол жолы пастереллез диагнозы қойылса, биыл, мамандардың айтуынша, құстардың өлуіне кокцидиоз паразиттік ауруы себеп болған. Шығынға ұшыраған тұрғындар мұның бірімен де келіспейді.
Үш жүз қаздың елу шақтысы ғана қалды
Шаховское тұрғыны Николай Фоминнің айтуынша, ол биыл көктемде 300 балапанды қарызға сатып алған. Қазір соның шамамен 50-і ғана қалған. Оның өзінде қалған құстарда ауру белгілері бар, кейбірінің көзі көрмей қалған.
Тұрғынның айтуынша, былтыр да жағдай ұқсас болған. Ол көктемде 500 балапан алғанымен, қараша айында олардың шамамен үштен бірі қырылып қалған. Биыл көктемде құстарына тұмауға қарсы вакцина салынған. Алайда екпе күткендей нәтиже бермеді.
— Күз басталысымен қаздарыма 9-10 күнде топалаң келді. Әуелі біреуі ауырды, одан кейін бірер күннен кейін бірден 80-ні өлді. Құс тұмауынан қырылғанына сенімдімін. Бұл аурудың бірнеше штамы бар, әрі үнемі мутацияға ұшырап жатыр. Ешкім шындықты айтпайды. «Кокцидиоздан өлді» депті. Ветеринарлар енді: «оның емі бар, бес күнде тәуір болып кетеді дәрісін берсе» дейді. Ауыра бастағанда аман алып қалу үшін не ғана бермедік, қаншама қаражат кетті. Менің өзім басқасын есептемегенде тек антибиотикке ғана 100 мың теңгеден артық жұмсадым, мыңдап құс өсіріп отырған көршім 600 мың теңгеге алды дәріні, — дейді Николай Фомин.
Құс өсіру — көп отбасы үшін негізгі табыс көздерінің бірі. Тұрғындардың айтуынша, жазда ауылда 46 мың қаз-үйрек, тауық болған. Сондықтан құстың қырылуы олар үшін тек ветеринариялық қана емес, тікелей экономикалық мәселеге айналып отыр.
— Келесі жылы да құс аламыз, енді қайтеміз, күн көру керек қой. Басқа жұмыс жоқ. Қалада оқып жатқан үш студентім бар. Құс етін, мамығын сатып пайда көрем бе дегенмін. Тапқан қаражатыма үйімнің шіріген еденін ауыстырамын ба деп жоспарлағанмын.
Бұрын ірі қара мал ұстадық, оның көзін жойдық, бруцеллез деді, одан кейін мал ұстау тиімсіз болды. Сол себепті адамдар құс асырауға ден қойып еді.
Қаз өсуі үшін оны жайылуға жіберу керек, жерден керегін алып жейді. Дезинфекция істеңдер дейді, одан пайда бар ма? Қора-қопсыға істейміз, бірақ үйдің, ауылдың маңын қайтеміз? Нәтиже болуы үшін елді мекенді түгелдей залалсыздандыру қажет, — дейді Николай Фомин.
Ресми дерек: аса қауіпті инфекциялар анықталмаған
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Шаховское ауылындағы жағдайға байланысты жүргізілген зертханалық зерттеулердің нәтижесінде жоғары патогенді құс тұмауы, Ньюкасл ауруы, пастереллез, сальмонеллез және басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулар анықталмағанын хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, 2025 жылы Шаховское ауылында пастереллез тіркелген. Сол кезде тиісті ветеринариялық іс-шаралар жүргізіліп, кейін шектеу шаралары алынған.
Ал биыл құстардың қырылуына байланысты алынған сынамалар аса қауіпті инфекциялардың барлығы растамаған. Осы себепті комитет қазіргі жағдайды аса қауіпті жұқпалы аурулармен байланыстыруға зертханалық негіз жоқ деп отыр.
Құстар неге қайта қырылды?
Комитеттің түсіндіруінше, үй құстарының қайта қырылуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Олардың қатарында құстарды тығыз ұстау, құстарды жаңадан сатып алып, шаруашылыққа әкелу туралы ветеринариялық қызметке уақытында хабарламау, сондай-ақ ауру немесе өлім жағдайларын кеш хабарлау бар.
Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, жабайы құстардың маусымдық көші-қоны құс тұмауының таралу тәуекелдерінің бірі. Осыған байланысты миграция кезеңінде эпизоотиялық мониторинг және ветеринариялық бақылау күшейтіліп, қажетті зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Құс иелеріне үй құстарының жабайы құстармен жанасуына жол бермеу, құс қораларын таза ұстау және құстардың ауруы немесе өлімі байқалған жағдайда ветеринариялық қызметке дереу хабарлау қажеттігі айтылған.
— Комитет тарапынан профилактикалық екпе жұмыстары, ветеринариялық-санитариялық және зертханалық бақылау шаралары тұрақты жүргізіледі. Атап айтқанда, 2024-2025 жылдары бекітілген жоспарға сәйкес Ньюкасл ауруына қарсы шамамен 787,5 мың, жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 3, 37 млн құс вакцинацияланды.
Биыл Ньюкасл ауруына қарсы 486 мың бас және жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 2 млн астам құсқа екпе жұмыстары жүргізілді.
Ветеринариялық препараттар республикалық бюджет қаражаты есебінен орталықтандырылған тәртіппен жергілікті атқарушы органдар тарапынан түскен өтініштер негізіндегі сатып алынып, өңірлерге бекітілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары мен қажеттілікке сәйкес бөлінеді, — дейді комитет өкілдері.
Құстардың қырылу себебін кешенді зерттеу қажет
Батыс Қазақстан облысы «Ветеринариялық дәрігерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров мәселені эпизоотологиялық, клиникалық, патологоанатомиялық және зертханалық зерттеулерді қатар жүргізу арқылы қарастыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, әлі күнге ауруды емдеу мен оның алдын алудың тиімді әрі нақты бекітілген хаттамасы жоқ.
— Шаховское ауылында құстардың қырылуына қатысты жарияланған ақпарат пен ондағы аурудың сипатына қарасақ, Ньюкасл ауруы болуы мүмкін. Жедел түрде құстардың әлсізденуі, іш өтуі, жүйке жүйесінің бұзылуы, құрысуы және мойнының бұралуы сияқты белгілері ұқсас.
Ас қорыту мүшелеріндегі маңызды өзгерістерге назар аудару қажет. Атап айтқанда, асқазан, қарын, он екі елі ішекте, жіңішке ішекте және тік ішекте қан құйылу белгілері байқалуы мүмкін.
Ветеринариялық зерттеу тек бір бағытпен шектелмеуі керек. Аурудың таралу сипаты, клиникалық белгілері, өлген құстың ағзаларындағы өзгерістер және зертханалық нәтижелер өзара салыстырылып, содан кейін ғана нақты қорытынды жасалғаны жөн, — дейді Ғайса Абсатиров.
Қайталанбауы үшін қандай шара қабылданды?
СҚО Ветеринария басқармасының мәліметінше, Шаховское ауылындағы құс өлімінің қайталануына жол бермеу үшін профилактикалық және ветеринариялық-санитариялық шаралар күшейтілген. Ауылдағы үй құстарына құс тұмауы мен Ньюкасл ауруына қарсы вакцина егілген, құс ұсталатын орындарға дезинфекция жүргізілген.
Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылық иелеріне ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау, құс сатып алғаны немесе әкелгені туралы ветеринариялық қызметке міндетті түрде хабарлау және құстарды электрондық есепке қою қажеттігі түсіндірілген.
— Ветеринар мамандардың кеңесінсіз дәрі-дәрмек, оның ішінде антибиотиктер қолданбау, ветеринариялық құжаттары жоқ құсты сатып алмау, қора-жайларда құстарды шамадан тыс тығыз ұстамау және жоғары ылғалдылыққа жол бермеу жөнінде ескертілді, — дейді басқарма басшысының орынбасары Арман Илюкин.
Маманның айтуынша, былтыр Шаховское ауылындағы құс өлімінің себептерін анықтау үшін арнайы жұмыс комиссиясы да құрылған. Комиссия қорытындысында жағдайдың күрделенуіне құс иелерінің ветеринариялық талаптарды сақтамауы, соның ішінде құстың сатып алынғаны және әкелінгені туралы қызметке хабарламауы, электрондық есепке қоймауы, сондай-ақ жеке аулаларда құс ұстау талаптарының бұзылуы ықпал еткені көрсетілген.
Шығын қандай жағдайда өтеледі?
Бұл — ауыл тұрғындарын алаңдатқан маңызды мәселе. Қолданыстағы тәртіп бойынша аса қауіпті ауру анықталған жағдайда мемлекет тарапынан міндетті түрде ауру құсты алып қою және жою шаралары жүргізіліп, тиісті талаптарға сәйкес құны өтелуі мүмкін.
Сондықтан бұл жағдайда өтемақы мәселесі зертханалық қорытынды мен қолданыстағы ветеринариялық қағидаларға сәйкес қаралады.
Құс өсірушілерге қандай қолдау бар?
СҚО Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, Шаховское ауылында құс өсірушілер кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Құс негізінен жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталған. Палата дерегіне сәйкес, кейбір тұрғындардың жеке аулаларында 7 мыңға дейін қаз болған, ал балапандар негізінен Башқұртстаннан әкелінген.
Ауыл ішінде, тұрғын үйлердің қасында санитариялық және ветеринариялық талаптарды сақтамай ірі мөлшерде құс ұстаған. Тұрғындардан елді мекендегі жағымсыз иіс пен шашылған қауырсынға қатысты ауызша шағымдар да түскен.
— Егер құс тұмауы сияқты аса қауіпті ауру зертханалық тұрғыда расталса, ветеринариялық қағидаларға сәйкес карантин енгізіліп, ауру ошағындағы құстар міндетті түрде алынып, жойылады. Мұндай жағдайда өтемақы төлеу тетігі қарастырылған. Ол үшін құстарды жою туралы акт, ветеринариялық сараптама немесе зертханалық зерттеу хаттамасы, орташа нарықтық құнын анықтау туралы акт және алып қою туралы қаулы сияқты құжаттар рәсімделеді. Құжаттарды жинауды мемлекеттік ветеринариялық ұйым жүзеге асырады, ал өтемақы тиісті құжаттар толық жиналғаннан кейін төленеді, — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Ерік Увалиев.
Маман құс иелеріне сақтандыру тетігін пайдалану мүмкіндігі бар екенін еске салады. 30 бастан бастап құсты сақтандыруға болады. Сақтандыру сыйлықақысының 80% мемлекет субсидиялайды, қалған 20% сақтанушы төлейді. Сақтандыру мерзімі 3, 6, 9 немесе 12 ай болуы мүмкін. Қазір сақтандыруды QALQAN жүйесі арқылы онлайн рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Келесі жылы жағдай қайталанбай ма?
Құс өсіруді кәсіпке айналдырған Шаховское ауылының тұрғындары үшін қазіргі жағдай бір реттік шығын емес, тұрақты табысқа әсер еткен үлкен мәселеге айналған. Соған қарамастан, олар келесі жылы да құс өсіруді жоспарлап отыр. Сондықтан олар үшін келтірілген шығынның өтелуі ғана емес, құстың қайта қырылуына жол бермейтін нақты алдын алу жұмысының жүргізілуі маңызды.
Бұған дейін СҚО Шаховское ауылында үй қаздары белгісіз аурудан қырылып жатқанын жазған едік.
Кейін мамандар құстардан кокцидиоз ауруы анықталғанын хабарлады.