СҚО-да экологиялық акция аясында 306 тонна қоқыс жиналды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық сенбілік өтіп, екі мыңнан астам адам 306 тонна қоқыс жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да экологиялық акция аясында 306 тонна қоқыс жиналды

СҚО бойынша Экология департаментінің мәліметінше, сенбілік «World cleanup day 2022» халықаралық дәстүрлі акциясы аясында өтті. Оған жыл сайын 180-нен астам ел, кемінде 18 млн адам қатысады. СҚО-да іс-шара «Birge Taza Qazaqstan» атауымен ұйымдастырылды. Оған департаменттің мамандары, аймақтың атқарушы органдардың, кәсіпорындардың өкілдері, экобелсенділер қатысты.

«Жыл сайын осы акциядан шет қалмаймыз. Бұл өте керек іс-шара. Биыл Петропавлда экосенбілік барысында 5 аумақты қамтыдық. Олардың ішінде Пестрое көлінің жағалауы, орталық саябақ және «Жеңіс» саябағы бар. Аудандар да бұл жұмыстан шет қалмады. Мақсатымыз - қыстың алдында жағалауларды, саябақтар мен скверлерді қоқыстан тазарту. Жиналған қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге жөнелтеміз», - дейді СҚО бойынша Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.

Бұл жолы сенбілікке 2 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижелі жұмыс істеуге ауа райы да қолайлы болды. Іс-шара барысында 306 тонна қоқыс жиналды. Оның ішінде 26,2 тонна шыны, 15,8 тонна пластик, 14,55 тонна резеңке, 18,95 тонна қағаз, 44,5 тонна металл. Қайта өңделетін қалдықтар кәсіпорынға қайта өңдеуге жіберілді.