СҚО-да экологтар «Севказэнерго» АҚ кәсіпорындарын тексеріп, 4,7 млн теңге айыппұл салды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында экологтар «Севказэнерго» АҚ-ның бірнеше кәсіпорнына - Петропавл 2-ЖЭО, №2 күл үйіндісінің №3 секциясы, «Рощинка» кен орны карьеріне профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізді. Нәтижесінде бірнеше заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да экологтар «Севказэнерго» АҚ кәсіпорындарын тексеріп, 4,7 млн теңге айыппұл салды

СҚО экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, экологтар «Севказэнерго» АҚ-ның бірнеше кәсіпорнына тексеру жүргізіп, нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзудың 16 дерегін анықтады. Оның 13-і – өрескел заң бұзушылық болып есептеледі.

Соның ішінде энергетиктер қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттармен белгіленген табиғат пайдаланудың міндетті шарттарын орындамаған, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы жыл сайынғы есептерді ұсынбаған.

«Кәсіпорын өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде алынатын деректердің сапасына мән бермей, салдарынан есептерде дәйексіз мәліметтер ұсынылған. Газ құбырларын №2 түтін құбырына қайта қосу кезінде міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу талаптарын орындамаған. Бұдан басқа, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға болған авариялар туралы хабарламанбаған. Қауіпті қалдықтарды қауіпсіз қалдықтармен араластырып, құрылыс қалдықтарын басқару жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде экологиялық талаптарды бұзуға жол берілді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Бұл заң бұзу фактілерін жою мақсатында кәсіпорынға ұйғарым енгізілді.

ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 137-бабы 3-тармағының 3-бөлігіне сәйкес экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін заңды тұлғаға қысқартылған өндіріс тәртібімен жалпы сомасы 4 747 650 теңге айыппұл түрінде 9 әкімшілік жаза қолданылды.

Сонымен қатар, департамент бақылау және қадағалау субъектісіне барып, анықталған өрескел заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізетін болады.