СҚО-да экспорт өнімін өткізудің географиялық аумағы кеңейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жасалған құрылыс материалы Еуропаның бес еліне саудалана бастады. Экспорттық өнім биылдан бастап Моңғолия мен Жапонияға да жеткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да экспорт өнімін өткізудің географиялық аумағы кеңейді

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде кәсіпкерлерге тауардың шыққан түбін растайтын 2504 сертификаты берілген, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 %-ға артық.

СҚО кәсіпкерлері Өзбекстанға бидай, кебек және бидай крахмалын, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресейге бидайды дәстүрлі түрде экспорттайды. Жалпы өнім экспортында Ресейдің үлесі жоғары, шетелге отандық макарон өнімдері, мұздатылған жартылай фабрикаттар, мұздатылған балық, сүт өнімдері, бидай глютені, бидай крахмалы, зығыр, рапс және соя жіберіледі. Украинаға қарақұмық, бидай крахмалы, жасымық және зығыр экспортталады. Сондай-ақ, жыл басынан бері түрлі тауар Еуроодақ елдеріне саудаланды. Иранға арпа, бидай, Ауғанстанға – ұн, тауық жұмыртқасы, Қытайға – бидай және зығыр майы, Түркияға – қатты бидай мен жасымық жеткізілді.

«Бұл аталған елдердің барлығымен солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер бұрыннан байланыс орнатқан. Биыл экспортталатын өнім аумағы кеңейген. Мәселен Моңғолияға макарон өнімдерін жіберуді бастадық. Ал Еуропа елдері – Бельгия, Польша, Чехия, Латвия мен Литваға жергілікті кәсіпорынның фанерасын жөнелтіп жатырмыз. Бұдан басқа Жапонияға алғаш рет қорғасын экспорттала бастады, бұрын оны тек АҚШ-қа ғана жіберетінбіз», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының Тауарлардың шығу түбін сертификаттау жөніндегі маманы Амангелді Қалиев.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында тауар өндірушілер сертификаттардың бірнеше түрін ресімдей алады.

«Мәселен, «СТ-KZ» үлгісіндегі сертификат тауардың шығарылған елін растау үшін ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар бойынша байқауларға қатысушылар үшін қажет. Бұдан бөлек, экспортқа сертификаттар беріледі. «СТ-1» сертификаты ТМД аумағында жарамды. «А» үлгісіндегі сертификат кәсіпкерлерге Еуродаққа мүше бірнеше елде жеңілдіктер береді. Өзбекстанға «СТ-1» үлгісінде жеке сертификат бар. Осындай тағы бірнеше сертификат бар», – дейді Амангелді Қалиев.

Маманның айтуынша, кейбір экспорттық сертификаттар олардың иелеріне импорт елінде артықшылық беретінін, ал кейбіреулері қазақстандық тауардың шығу түбін ғана растайтынын атап өтті. Мәселен, жыл басынан бері СҚО өңірлік палатасы шетелге жіберілген тауарға ресімделген 2127 сертификат берді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер СТ-KZ үлгісінде 377 сертификат алды.

«Өндірушілер мен жүк жөнелтушілерден күнде өтінім түседі. Экспорт географиясы туралы айтатын болсақ, оның ауқымы кең. Облыста «СТ-1» үлгісінде 667 сертификат Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Украина, Қырғызстан және Түркіменстан бағытына берілді. 608 сертификат Өзбекстан бағытына ресімделді. Жыл басынан бері біз 692 «түпнұсқа» сертификатын бердік. Бұл сертификат Еуроодақ елдерінде қолданылады», – дейді маман.

Амангелді Қалиевтің айтуынша, өткен жылдың 1 мамырынан бастап «А» үлгісіндегі сертфиикатты екі ел – Норвегия мен Швейцария қабылдамайды. Осы елде тарифтік жеңілдік алу үшін кәсіпкерлер REX жүйесіне тіркеліп, тіркеу нөмірін алу қажет.