СҚО-да «Елбасы ізімен» атты экскурсия өтті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Тұңғыш Президент күні қарсаңында экскурсия өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс-шараға СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, жастар ұйымдарының өкілдері, волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары және өңірдің белсенді жастар қатысты. Экскурсия облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан басталды. Мұнда Елбасының ғибратты ғұмырына арналған зал бар. Бұл жерде жастар Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағынан бастап, кемеліне келген шағына дейін қызықты ақпарат алды.
Кейін «Елбасы ізімен» экскурсиясына қатысушылар Тұңғыш Президент паркіне барды, Абылай хан резиденциясы музей кешенін аралады. Назарбаев зияткерлік мектебінде, ботаникалық бақта және Достық үйінде болып, фотокөрмемен танысты.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығында және Тұңғыш Президент күні қарсаңында мен сіздермен бірге егеменді еліміз тарихының беттерін парақтай отырып, Елбасының ізімен жүріп өтуге тамаша мүмкіндік алдым. Сіздердің әрқайсыларыңыз оң өзгерістерді, креативтілік пен бастамаларды жақтайтын өз Отанының лайықты азаматы екендіктеріңізге сенімдімін. Елбасы - заманауи Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы, қазақстандық даму үлгісінің авторы, Тәуелсіздік сәулетшісі және жастарды рухтандыратын тұлға. Еліміздің қарқынды дамуы мен оң саяси өзгерістер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көп жылғы еңбегінің және сындарлы саясатының арқасында мүмкін болды», - деп атап өтті Ғани Нығыметов өз сөзінде.

Кездесуге қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамалары туралы пікірлерімен бөлісті, республикамыздағы жастардың рөлі және жақын болашаққа деген ойлары туралы айтты.
Кездесу соңында Ғани Нығыметов жас солтүстікқазақстандықтарға шығармашылық табыс, жарқын жетістіктер, жаңа жеңістер тіледі.


