СҚО-да елді мекендерден 570 мың текше метр қар шығарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы аумағында су тасқыны болған кезде жедел әрекет ететін төтенше жағдайлар департаменті күш-құралдарының әзірлігі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара Петропавлда өтті.

Департамент бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов құрылымдық бөлімшелер командирлерінің су тасқынына дайындығы туралы баяндамаларын тыңдады.

Техниканың, жабдық пен жарақтың жинақтылығы мен жарамдылығына, оның параметрлерінің сәйкестігіне назар аударды.

«Жедел әрекет ету тобына «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ бөлімшелері қызметкерлері, оның ішінде департаменттің жедел-құтқару жасағы кірді. Олар болған жағдайда аудандық бөлімшелерге көмек көрсетуге жіберіледі. Құрамына 152 маман кірген. Олардың 26 техникасы, 40-тан астам сорғы және мотопомпалары, 7 суда жүзу құралы бар. Су тасқыны болған жағдайда олар қажет болған жерге жедел баруға дайын», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары.

Мұрат Қанғожинов өңір тұрғындарын да өз аулаларынан еріген қар суының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

Облыста су басу қаупі бар 85 елді мекен бар. Бұл ауылдарда 6068 адам тұрады.

«СҚО ТЖД су тасқынына қарсы облыстық штаб жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта өңірдегі су қоймаларына, өзен-көлдерге олардағы өзгерісті байқау үшін мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бүгінге дейін Петропавл мен елді мекендерден 570 мың текше метр қар шығарылды. Департаменттің су тасқынымен күреске арналған күш-құралдары дайын», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Марат Мұратов.


Соңғы жаңалықтар