СҚО-да электр энергиясын ұрлағандар 19 млн теңгеден астам шығын келтірген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында биыл электр энергиясын заңсыз пайдаланудың 14 дерегі анықталды.
Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясысының мәліметінше, ұрланған электр энергиясының көлемі 700 мың киловатт-сағаттан асып, келтірілген шығын көлемі 19 млн теңгеден асып кеткен.
- Мұндай заңбұзушылықтар тек энергетика саласына ғана емес, қарапайым тұрғындарға да қауіп төндіреді. Есепке алынбаған электр энергиясын пайдалану желілерге артық жүктеме түсіріп, апаттық жағдайлардың, кернеу ауытқуларының және өрттің туындауына себеп болуы мүмкін. Көбінесе заң бұзушылар электр желілеріне есептегіш құралдарын айналып өтіп қосылады, есептеу құрылғыларының жұмысын немесе электр сымдарының схемасын өзгертеді, - дейді компанияның электр энергиясын тарату және бақылау басқармасының бастығы Сергей Шаренков.
Осындай бір тексерулердің нәтижесінде электр желімін заңсыз пайдаланған тұрғын анықталды. Енді ол энергетиктерге 13 млн теңгеден астам берешек, тағы бір тұрғын 1 млн теңгеден астам қаржы төлейді.
- Қазіргі заманғы бақылау жүйелері есепке алынбаған тұтыну фактілерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін арнайы техникалық құралдар пайдаланылады. Олардың қатарында ток өлшейтін қысқыштар, энергия мониторлары, кернеу көрсеткіштері, жасырын электр сымдарын анықтайтын құрылғылар және басқа да заманауи жабдықтар бар. Сонымен қатар мамандар электр есептегіштерінің жадында сақталған мәліметтерді зерттеп, жүктеменің ең жоғары деңгейлерін талдайды. Есептегіш құрылғылардың ашылған-ашылмағанын анықтау үшін арнайы оқиғалар журналы да тексеріледі, - дейді энергетиктер.
Мамандардың айтуынша, бұдан бөлек, трансформаторлық қосалқы станцияларда орнатылған техникалық есептеу құралдары арқылы желіге берілген және тұтынылған электр энергиясы салыстырылып отырады. Бұл әдістер «ұрыларды» жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес электр энергиясын заңсыз пайдаланғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл 50-500 АЕК мөлшерінде, яғни, бұл - 216 мың теңгеден 2 млн 162 мың теңгеге дейінгі шамада.
Бұған дейін Қазақстанда биылғы алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі тұтыну мөлшерінен асқанын жазған едік.