14:43, 13 Қазан 2016 | GMT +5
СҚО-да «елес-мұғалім» жалақы алып келген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Солтүстік Қазақстан облысында жалпы білім беретін мектептердің бірінің директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастауға бастамашы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіп түскен ақпарат бойынша, мектеп директоры өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, «алғашқы әскери дайындық» пәнінің мұғалімі ретінде азаматша А.-ны қабылдаған. Екі жыл бойы мектепте бой көрсетпеген «елес-мұғалімге» жалақы ай сайын төленіп келген. Мемлекетке келтірілген шығын - 1 200 000 теңге.
Биылғы жылдың 9 айы ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орта мектеп директорларына қатысты 25 қылмыстық іс қозғады, оның алтауы бойынша айыптау үкімдері шығып үлгерді.