СҚО-да еліктің кесірінен үш көлік зақымданды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жолға шыққан елік жол-көлік оқиғасына себепкер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 тамыз күні сағат 10:00 шамасында Аққайың ауданы Астраханка елді мекенінің маңында жол-көлік оқиғасы болды. «Нұр-Сұлтан – Петропавл» тас жолының 455 шақырымында жолға елік атып шыққан. Hyundai Tucson көлігінің жүргізушісі тежегішті басқанымен, соққыдан құтыла алмады. Соққы салдарынан елік қарсы бағытқа ұшып, Audi 100 көлігіне соғылды. Жануар сол жерде өлді, екі көлікке зақым келгенімен, ішіндегі адамдары аман, зардап шеккен жоқ.

Бірер күн бұрын дәл сол жол учаскесінде осыған ұқсас жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл жолы да жолға кенеттен шыққан елікті қатты жылдамдықпен келе жатқан Jac J7 көлігі соққан. Рульде астана қаласының тұрғыны болған. Ол Петропавлдан шығып, үйіне қайтып бара жатқан. Жануар қатты соққыдан өліп қалды, көлік жүргізуші зардап шеккен жоқ.

«Көлік жүргізушілерін ормандардың маңында, елді мекендердің қасынан өткенде аса сақ болу қажеттігін ескертеміз. Жолға жақын орналасқандықтан түлік, жануарлар кенеттен шығуы мүмкін. Жол бойында арнайы белгілер бар, мұны да назарда ұстаған жөн. Мұндай учаскелерде жылдамдықты азайтып өткен дұрыс», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Полицейлер жануарларға қатысты жол-көлік апаты жиі тіркелетін учаскелерге жылқының 27 макетін қойды. Бұдан басқа облыс аудандарында полиция көліктерінің 18 макеті қойылған. Аққайың, Уәлиханов және Айыртау ауданындағы елді мекендерге жол жиегінде өткелі тұрған баланың 5 макеті қойылды.


Соңғы жаңалықтар