СҚО-да Еңбек ауылының тұрғындары Головкинге ерекше қолдау көрсетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Еңбек ауылының тұрғындарына қой қырқу күзгі науқаны Головкиннің жұдырықтасуын тамашалауға кедергі болмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да Еңбек ауылының тұрғындары Головкинге ерекше қолдау көрсетті

СҚО-ның жергілікті пабликтерінің бірінде қызықты бейнежазба тарады.

Ролик авторының айтуынша, Шал ақын ауданы Еңбек ауылының тұрғындары Геннадий Головкиннің жанкүйерлері. Бірақ қазір өңірде қой қырқу науқаны қызу жүріп жатыр. Тұрғындар ашық, жылы күндерді пайдаланып қалмақ. Сол себепті жексенбіде таңертең болған сүйікті боксшыларының ойынын құр жібермеу үшін олар теледидарды далаға шығарып, Геннадийге де қолдау білдірді, қойларын да қырықты. Тіпті бір сәт қайшыларын қойып, тік тұрып, гимнді де қосыла шырқады.

Жалпы Петропавлда Головкин мен Канелоның жұдырықтасуын «QYZYLJAR» арт-орталығында тікелей эфирден тамашалауға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ жанкүйерлер арасында Головкинге қолдау көрсеткен үздік бейнежазбаға, фотоға байқау ұйымдастырылды. Бірінші орын алғанға боксшы қолғабы, екінші орынға арнайы спортшы бинты, үшінші орынға секіргіш жүлдеге тігілді. Бірақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға қатысуға тілек білдірушілер болмаған.

Осыған дейін «GGG-Канело» трилогиясына нүкте қойылғаны туралы жаздық.


Видеодан алынған кадр