СҚО-да энергетика саласының қызметкерлерi кәсiби мерекелерiн атап өттi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстiк Қазақстан облысында энергетика саласының қызметкерлерi кәсiби мерекелерiн атап өттi.
Петропавл ЖЭО-2 өкiлдерi үшiн биылғы мерекенiң маңызы зор, өйткенi осы жылы аталмыш мекеме 55 жылдық мерейтойын атап өткелi отыр. Энергетиктердi құттықтаған облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов энергетика саласы экономиканың маңызды саласының бiрi екенiн атап өттi, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Солтүстiк Қазақстан облысының энергетика саласы экономикалық және қаржылық көрсеткiштерiн арттыру арқылы табысты дамып келедi. Облыс энергетиктерi өз мiндеттерiн қашан да жоғары дәрежеде атқарады.
Бүгiн кәсiби мереке күнi «СевКазЭнерго» акционерлiк қоғамы өзiнiң қызметкерлерi, облыс тұрғындары үшiн жаңа жатақхана тапсырғалы отыр. Бұндай қадам қызметкерлердiң көңiл күйiне, олардың әлеуметтiк жағдайына ерекше оң ықпал етедi деген сенiмдемiн», - дедi өңiр басшысы.
Облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен 4 сала қызметкерi марапатталса, тағы екеуi Алғыс хаттармен марапатталды.
Энергетиктердi мерекесiмен «Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорация» АҚ Президентi Еркiн Әмiрханов құттықтады және «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қызметкерлерiне марапат көрсетiп, арнайы атақтар табыстады.
Iс-шара барысында кәсiби мереке иелерiн «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Леонид Ларичев те құттықтады.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ энергетиктерi жоғары өндiрiс көрсеткiштерiне қол жеткiздi. 2007 жылмен салыстырсақ, стансаның қуаты 161 МВт-қа артып, 514 МВт-ты құрады, ал электроэнергияны өндiру сағатына 1,4 млрд. кВт-қа артып, бүгiнде сағатына 3,2 млрд кВт-ты құрайды», - деп атап өттi Леонид Ларичев.
Шара барысында Петропавл ЖЭО-2-нiң 5 ардагерi «Ардагер энергетик - Ветеран энергетик» атағына ие болды.