СҚО-да ер адам біреудің көлігін айдап әкеткен қаскүнемді ұстауға көмектесті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Булаев қаласының тұрғыны Петропавлда жоғалған автокөліктің тез арада табылып, иесіне қайтарылуына көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да ер адам біреудің көлігін айдап әкеткен қаскүнемді ұстауға көмектесті

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 30 қазан күні М.Жұмабаев ауданындағы Булаев қаласында таңертең болған. Аудан орталығының 32 жастағы тұрғыны Руслан Низамов көшеде тұрған көлікті көреді. Соғылған, әрі жолда жүру ережесіне қайшы жол жиегіне қойылған автомобиль бірден назарын аударыпты. Жақынырақ келген ол көлікті жүргізе алмай жатқан Булаев қаласының тұрғынын көреді. Бұрыннан танитын Руслан оның автомобилі жоқ екенін білетін. Әрі ер адамның рөлде мас күйде отыруы да оның күдігін тудырады.

«Менің әкем 25 жыл полицияда еңбек етті. Ол «үнемі жан-жағыңа қарап жүр, қырағылық таныт, біреу-міреуге көмек керек болса көмегіңді аяма» деп айтып отыратын. Оның қатты мас екенін көріп, мен ең алдымен ол біреуді соғып кетер деп қорықтым», - дейді Руслан Низамов.

Полицияны шақырған ол тәртіп сақшылары келгенше мас адам кетіп қалмасын деп алдаусыратқан, көңілін аулаған. Машинаның кілтін алып қоймақшы болыпты. Көп ұзамай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері келіп, қашып кетпекші болған қаскүнемді ұстады. Кейін ол көліктің Петропавлдан ұрланғаны белгілі болды.

«Қала тұрғыны кешқұрым Ғ.Мүсірепов көшесінде машинасын қалдырып, ертесіне орнынан таппаған. Таңертең көлігінің ұрланғаны жөнінде арыз жазды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. «Volkswagen Passat» автокөлігі иесіне қайтарылды», - дейді Бірінші полиция бөлімінің бастығы Балабек Жақин.

Ұсталған Булаев қаласының тұрғынына көлікті мас күйде жүргізгені үшін сондай-ақ әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл құқық бұзушылық үшін ол 20 тәулікке қамауға алынды.