СҚО-да ер адам суицид жасады, мұны көрген әкесі де өзіне қол жұмсамақ болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысындағы Дмитриевка елді мекенінде 31 жастағы ер адам үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберген.

полиция
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жігіт әйелімен жанжалдасып қалған. Кейін әке-шешесінің үйіндегі моншаға келіп, үстіне 5 литр бензин құйған. 

Мұны көрген марқұмның әкесі де өзіне жарақат салған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды.

СҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1995 жылы туған ер адам оқиға орнында көз жұмды. 

Ал 1962 жылы туған ер адамға медициналық көмек қажет болған. Оның екі білегінде де кесілген жарақат анықталған. Алғашқы медициналық көмекті фельдшер көрсетіп, хирургтің кеңесіне жүгіну ұсынылды.

СҚО полиция департаментінің мәліметінше, осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін хабарлады.

Бұған дейін СҚО-да сірке қышқылын ішкен әкімдік қызметкері екі аптадан кейін қайтыс болғанын жазған едік.