СҚО-да ер адам төрт күннен бері іздестірілуде

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше күннен бері ер адам табылмай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Есіл ауданы Покровка елді мекенінің маңындағы Есіл өзенінде төртінші күн құтқарушылар ер адамды іздестіруде. Әзірге бұл жұмыстар нәтиже бермеді.

Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам қайыққа мініп өзенге шыққан, кейін құлап кеткен. Оқиғаның нақты себептері анықталатын болады.

Айта кетейік, 15 мамыр күні Айыртау ауданы Саумалкөл ауылындағы үйінен кетіп қайта оралмаған Анатолий Зарва да табылмай жатыр. Жігітті іздеуге полицейлер, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және белсенділер жұмылдырылды. Іс-түзсіз жоғалған адам туралы фотобағдарлар барлық аумақтық полиция бөліністеріне жіберілді. Волонтерлер әлеуметтік желіде де мәліметтерді жариялады. Туған-туыстарының айтуынша, 24 жастағы ауыл тұрғыны бұған дейін ескертусіз үйден кетпеген.

Бұдан бөлек, Тайынша ауданы Келлеровка елді мекенінің тұрғыны Сергей Багинскийге де іздеу жарияланған. 57 жастағы ер адамнан 8 мамырдан бері хабар жоқ.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан өңір полициясына іс-түзсіз жоғалғандар туралы 142 хабарлама түсіп, 140 хабарсыз кеткен адам табылды.


Соңғы жаңалықтар