СҚО-да Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірі пайдалануға беріліп, сол маңдағы тұрғындардың негізгі мәселелерінің бірі шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді

Көктемде Есіл өзені тасыған кезде ескі көпір су астында қалып, елді мекендердің облыс орталығымен байланысы үзілетін. Жаңа көпір «Новоникольское-Андреевка-Бостандық-Новомихайловка» автожолымен байланысады.

Қызылжар ауданы Новоникольское елді мекенінің маңында салынған көпірдің ұзындығы – 221,5 метр, ені – 8 метр, судан биіктігі – 63 метр. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асып, құрылысқа шамамен 4,2 млрд теңге жұмсалды. Құрылысқа «Зенченко и К» командиттік серіктестігі қаржылай үлес қосты.

СҚО әкімдігінің мәліметінше, Новоникольское елді мекенінде ғана қазір 500-ге жуық шаңырақ бар, онда 1,5 мыңдай адам тұрады. Облыстағы ең ірі шаруашылықтардың бірі – «Зенченко и К» командиттік серіктестігі орналасқан. Орта мектеп, балалар бақшасы, спорт сарайы, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Елді мекенннің өз қазандығы бар, оған барлық әлеуметтік нысандар және 150 тұрғын үй қосылған.