СҚО-да Есіл өзеніне құлап кеткен балықшы жарты тәуліктен кейін құтқарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар Есіл өзеніне абайсызда құлап кеткен балықшыны тұрғындардың көмегімен жарты тәуліктен кейін тауып, құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да Есіл өзеніне құлап кеткен балықшы жарты тәуліктен кейін құтқарылды

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 маусым күні кешқұрым 112 телефон нөміріне ер адам хабарласып, өзінің Есіл өзенінің жарқабағында тұрғанын, төменнен біреудің көмек сұрап айқайлап жатқанын айтқан. Бірден Есіл аудандық төтенше жағдайлар және аудандық полиция бөлімдері, Явленка жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне хабар беріледі.

Оқиға орнына бірінші жеткен ауданның бас құтқарушысы Жұлдыз Есенғазин телефон шалған ер адамнан мән-жайды біліп, жардан төменге түседі.

«Көмек сұрап шақырған әлсіз дауысқа қарай жүрдім. Қараңғыда кеудесіне дейін суда тұрған адам сұлбасын көрдім. Судан алып шыққанымда айқайламақ тұрмақ, сөйлеуге де шамасы келмеді. Өзеннің мұздай суына тоңып қалыпты. Жағаға шығарғанымда әріптестерім мен полицейлер де келіпті. Зардап шегушіні зембілге жатқызып, алғашқы, соның ішінде психологиялық көмек көрсетілді», - дейді Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жұлдыз Есенғазин.

Ер адамды жедел жәрдем қызметі аудандық ауруханаға жеткізді. Мамандардың айтуынша, қазір оның өміріне келер қауіп жоқ, жағдайы бірқалыпты.

Суға құлаған Есіл ауданының орталығы Явленка елді мекенінің 1948 жылы туған тұрғыны. Ол таңертең сағат 10.00 шамасында ауылдан 2 шақырымдай қашықта орналасқан өзенге балық аулауға барған. Түске таман аяғы тайып кетіп, суға құлаған. Содан өздігінен шыға алмай, түнге дейін көмекке шақырып айқайлаумен болған.

«Ер адам - ІІ топтағы мүгедек. Құмға батқан аяғын судан өз күшімен шығара алмапты. Көмек келмегенде бұл оқиға мүлдем басқаша аяқталар еді. Ол негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Яғни, қауіпті жерде балық ауламақ болған және өзімен бірге ұялы телефон алмапты», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Игорь Жуков.

СҚО-да мамыр айынан бері 4 адам суға кетті. Жалпы соңғы 7 жылдың ішінде 180 адам суға батса, соның 24-і - бала.