СҚО-да есірткі сатқан екі жас жігіт сотталды
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 21 және 22 жастағы қала тұрғындарына қатысты сот үкімі шықты. Жігіттердің бірі есірткі саудасына қатысты 6 жылға сотталса, екіншісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Полицейлер Петропавл тұрғындарын қаңтар айында тұрғылықты жерінен ұстады. Пәтерден есірткі жасауға арналған құралдар және 1,18 грамм синтетикалық каннабиноид алынды, бұл аса ірі көлемге жатады. Бұдан бөлек, олардың көрсеткен жерлері бойынша есірткі жасыруға арналған 12 орын анықталды. Ол жерлерден өсімдік тектес зат салынған «түйіншектер» алынып, құрамын анықтау үшін сараптамаға жіберілді.
Сатуға әзірленген түйіншіктерге «спайс» атауымен белгілі есірткі салынған екен. Жалпы салмағы 4,81 грамм.
«Жас жігіттер «спайс» қоспасын өздері дайындаған, кейін өздері ашқан интернет-дүкен арқылы сатқан. Бұдан бөлек, олардың біреуі синтетикалық есірткіні және Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкенді жарнамалаумен айналысқан. Бірақ олардың «жұмысы» екі аптадан аспады», – дейді СҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.
Биылғы 7 айда СҚО-да есірткі сатуға қатысты 46 факті тіркелді. Заңсыз айналымнан 333 кг түрлі есірткі заты алынды, оның 1,5 кг синтетикалық есірткі.