СҚО-да есірткі саудалаған жігіт 11 жылға сотталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 28 жастағы петропавлдық есірткі саудалағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да есірткі саудалаған жігіт 11 жылға сотталды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыз айында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қала тұрғынын есірткі сатты деген күдікпен ұстаған. Жедел уәкілдері 2 келі марихуананы өткізу әрекетінің жолын кесті. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайында тағы 12,5 кг-ға жуық марихуана салынған пластикалық қапшық пен 143 грамм гашиш тәркіленді. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.

Қазіргі уақытта 28 жастағы жігіт түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оған 11 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесілді.

«Есірткіні сату және одан пайда көру үшін сақтау, арнайы орынға жасыру аса ауыр қылмыс болып табылатынын еске саламыз. Ол үшін заңнамамен қатаң жауапкершілік көзделген.

Жыл басынан облыста өткізу мақсатымен есірткі сақтағаны үшін 17 адам сотталды. Үкімдердің басым бөлігі 10 жылдан асады. Осы жылы облыста сотталған есірткі сатушылардың басым бөлігі оңай олжаға кенелмек болғанжастар», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.