СҚО-да есірткі қылмысы бес есе өскен

СҚО
Фото: Polisia.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш жылда есірткі қылмысының саны өскен. 2020 жылы 58 факті анықталса, былтыр 290-ға жетті. Жыл басталғалы 80 дерек тіркеліп отыр. 

СҚО прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Саян Асқаров брифингіде героин, марихуана, гашиш сияқты «дәстүрлі» есірткілердің орнына синтетикалық түрлері кең тарағанын айтты. Бүгінде «тұздарды» мессенджерлер арқылы еш қиындықсыз сатып алуға болады. 

«Есірткінің заңсыз айналымымен бұрын 25 пен 40 жас аралығындағы, бірнеше рет сотталған адамдар айналысқан болса, қазір олардың орнын 17 мен 25 жас аралығындағы әртүрлі әлеуметтік топқа жататын жастар басқан. Олардың басым бөлігін бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және ақша табудың оңай жолын іздеп келгендер құрап отыр. Қылмыскерлер Telegram әлеуметтік желісін ақпараттық платформа ретінде пайдаланады. Чаттарда есірткінің түрі, оның қаптамасы, салмағы мен құны туралы ақпарат орналастырылады. Өткен жылдың соңында қала прокуратурасы есірткі заттарын жарнамалаудың төрт фактісін анықтады, бір факт бойынша қылмыс есептен жасырылған деп тіркелді, қалған үшеуі бойынша процессуалдық шешім үшін қылмыстық қудалау органына жіберілді, - деді Саян Асқаров.

Былтыр облыста есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылып, психотроптық заттар, реагенттер мен нашаны жасаудың құрал-жабдықтары тәркіленді. Осы факті бойынша Петропавл тұрғыны жауапқа тартылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жастардың теріс жолға түспеуі үшін құзырлы органдар бірінші орынға профилактикалық жұмысты қойған. Оның аясында кәмелетке толмаған сотталушылардың қылмыстық істерін қарау кезінде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері сот процесіне шақырылады. 

Бұған дейін павлодарлық лудоманның психикалық ауытқуы бар қыздың атына несие рәсімдегенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram