СҚО-да ЭЦҚ-сын басқа біреуге пайдалануға берген лауазымды тұлғалар жазаланып жатыр

прокуратура
Фото: пресс-служба прокуратуры Павлодарской области

Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасының жабық кілтін басқаларға заңсыз беріп келген. Прокуратура мұны тексеріс барысында анықтады, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, Тайынша ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы «Электронды құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» ҚР Заңының 10-бабының талаптарын бұза отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаның жеке кілтін бас маманға беріп қойған.

Кейін бөлім басшысы еңбек демалысында болған кезеңде оның атынан автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімге бөлімнің бас маманы қол қойған.
Заңбұзушылыққа барған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқаларға заңсыз бергендігі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.

Қадағалаушы орган облыстың мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі уақытта облыстың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті басқармасының басшысын да осындай заң бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Ақжар, Қызылжар, Тайынша аудандарының жергілікті атқарушы органдарында да 24 факті анықталды.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша қазіргі уақытта заң бұзушылықтарды жою және кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қолға алынған.
Прокурорлардың айтуынша, мемлекеттік қызметшілерге электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқа тұлғаларға заңсыз бергені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 640-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік бар. Айыппұл мөлшері - 51 750 теңге.

Соңғы жаңалықтар