СҚО-да фермерлерге мал азығын дұрыс дайындауды үйретіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің біліктілігін арттыру курстары өтіп жатыр.

СҚО-да фермерлерді мал азығын дұрыс дайындауға үйретіп жатыр
Фото: Қуанар Әбдірахманов

Семинарды ұйымдастырушы - Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты. Іс-шараға өңірдің 40-қа жуық маманы қатысуға ниет білдірген. 

- СҚО-да соңғы жылдары сүтті бағыттағы мал шаруашылығы дамып келеді. Өңірге шетелден мал әкелініп жатыр, бұл малдың әлеуеті жоғары, бірақ біз соны толық пайдалана алмай отырмыз. Мәселен көпшілік бұл сиырлар 20-25 литр сүт береді деп ойлайды, бірақ олар 40 литрге дейін бере алады. Ондай сүт алу үшін беретін жем-шөбімізді дұрыстау қажет.

СҚО-да фермерлерді мал азығын дұрыс дайындауға үйретіп жатыр
Фото: Қуанар Әбдірахманов

Жемазыққа пайдалануға болатын түрлі шөп бар, шеттен де әкеліп, тұқымын сатып жатыр. Бірақ біз оның ішінен қажеттісін, сапалысын таңдай білуіміз керек және оны өңдеп, сосын ғана малға берген жөн, - дейді ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Алтынбек Абдуллаев. 

Семинарға қатысушыларға өңірдегі «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің мал азығын дайындау, өсіру, өңдеу, жемшөпті дұрыс сақтау тәжірибесі көрсетіледі, қандай сұрыптарды Солтүстік өңірде өсірген тиімді болатындығы туралы кеңес беріледі. 

Қатысушыларға ресейлік ғалым Иван Виноградов дәріс оқып, мал азығын қалай құнарлы етіп дайындау әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, тың идеяларын ортаға салмақ. 

СҚО-да фермерлерді мал азығын дұрыс дайындауға үйретіп жатыр
Фото: Қуанар Әбдірахманов

- Жемазық жүйесіндегі соңғы инновациялар жайында, шөп шүйгін шығуы үшін және экономикалық жағынан тиімді болуы үшін қандай тұқымға басымдық беру керек – шаруашылықтардың өкілдерімен кездесу барысында осы туралы айтамыз. Өйткені «сиырдың сүті – тілінде» дейміз. Ал етті бағытқа келер болсақ, мысалы ангус тұқымы, егер алдындағы жемшөбі дұрыс болса, тәулігіне 1,5 келіге дейін қосады, - дейді К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының өсімдік шаруашылығы және шалғындық экожүйе кафедрасының доценті Иван Виноградов.

Естеріңізге салайық, Ауыл шаруашылғы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығын дамытуға кооперативтер арқылы беріліп келген субсидиялар тоқтайтынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар