СҚО-да футбол маусымының үздік ойыншысы анықталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов өткен футбол маусымының қорытындысы бойынша «Қызылжар СК» командасын құттықтап, үздік ойыншыларды марапаттады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Үздік қақпашы болып Тимурбек Закиров, үздік қорғаушы - Неманья Видич, үздік жартылай қорғаушы - Аслан Жанұзақов, үздік шабуылшы болып Бошко Ступич атанды.
Тәжірибелі жартылай қорғаушы Әли Әлиев маусымның үздік ойыншысы атанды. 2016 жылғы маусымда ол 15 ойын өткізді.
Бірінші лига командалары арасында республика біріншілігінің қола жүлдегері атанған клубты ұлықтау салтанаты өңір басшысының құттықтау сөзімен басталды. Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысындағы футбол және хоккей бірте бірте жанданып келе жатқанын айтты.
«Қызылжар СК» ФК президенті Григорий Лория облыс басшылығы командаға жақсы демеу көрсетіп отырғанын, сонымен бірге жанкүйерлердің қолдауы сапалы ойын көрсету үшін жігер беріп отырғанын айтты.
Команда капитаны Евгений Аверченко облыс әкіміне қола медальді тапсырды және келесі жылы ҚР Біріншілігінің «алтынын» сыйлауға уәде берді.
Соңғы екі жылда СҚО-да 263 футбол және шағын футбол алаңы, оның ішінде 46 жасанды жабыны бар заманауи алаңдар тұрғызылды. «Қарасай» стадионының күрделі жөндеуі жүргізілуде, «Қарасай» стадионында металл-тенттік футбол манежінің құрылысы басталды.
Биылғы жылы жастар футбол орталығы ашылды. Облыстың балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің 140 шәкірті тәлім алып жүр. Олар футболдан ҚР Біріншілігінде сегіз жас санаты бойынша жастар командаларының арасында өнер көрсетеді. Қазанда олар «Жас-Қыран» лигасының балалар-жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінің күміс медалін жеңіп алды.