СҚО-да ғалым Wi-Fi арқылы жүрек ауруларын диагностикалауды жеңілдететін аппарат ойлап тапты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қозыбаев университетінің Инженерия және сандық технологиялар факультетінің PhD докторы, зерттеуші Саят Молдахметов технологиясын қолдану арқылы биомедициналық сигналдарды қабылдау және таратуға арналған аппараттық-бағдарламалық Wi-Fi интерфейсін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Жоба дәрігерлердің жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалау жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Жас ғалым ғылыми қызметпен белсенді айналысып келеді. Саят Молдахметов ғылым саласында 20 жыл бойы еңбек етіп келеді. 2018-2020 жылдары «Электрокардиодиагностиканың сымсыз автоматтандырылған жүйесін әзірлеу» атты гранттық жобаның мүшесі болды. Сонымен қатар мемлекеттік ғылыми стипендиялардың иегері атанды.
Ғалым сондай-ақ көпдеңгейлі қуат инверторының қуатын арттыру әдістерін әзірлеу жобасына жетекшілік етті. Аталған жобаға 18 миллион теңгеден астам көлемде гранттық қаржыландыру бөлінді.

— Зерттеушінің 30-дан астам ғылыми жарияланымы бар, оның ішінде Scopus дерекқорына енген, импакт-факторы бар халықаралық журналдарда жарияланған 13 мақаласы бар. Саят Молдахметов төрт өнертабыс патентінің, төрт пайдалы модель патентінің және екі монографияның авторы, — делінген хабарламада.
Ол ғылыми зерттеулерін Польшадағы Люблин техникалық университетінде және Финляндиядағы Шығыс Финляндия университетінде өткен халықаралық ғылыми тағылымдамалар аясында жүргізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазақстан инжиниринг» R& D орталығы 2020 жылдан бері әртүрлі мақсаттағы ұшу аппараттарын әзірлеумен айналысып келе жатқанын жаздық. Аталған технологиялар әуе, су, суасты және жер үсті кеңістіктерінде барлау және бақылау жұмыстарын жүргізуге, ауыл шаруашылығы мен әскери салада қолдануға арналған.