СҚО-да газ тасымалдайтын жүк көлігі аударылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында автоцистернасында 17 тонна газы бар автокөлік аударылды. Адам шығыны жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да газ тасымалдайтын жүк көлігі аударылды

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға кеше 29 желтоқсан күні кешкі сағат 18.33-те Қызылжар ауданының аумағында болған. «Челябі-Новосібір» М-51 автожолының 506-шақырымында газ тасымалдайтын «Merсedes» автомашинасының жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Осылайша, көлікті жыраға аударып алған. Автомашина Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған екен. Мамандардың айтуынша, автоцистернаға зақым келген жоқ. Көлік жүргізушісі де дін-аман.

Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында полицейлер қауіпті аймақты қоршауға алды. Төтенше жағдай департаментінің мамандарынан кезекшілік қойылды. Қазір оқиға орнында жеке құрамнан 8 адам, 2 техника жүр. Сондай-ақ медициналық қызметкерлер де кезекшілік етуде.

Оқыс оқиға көлік қозғалысына кедергі келтірген жоқ. Күн шыққан соң автоцистернадағы газ құйып алынбақ.