СҚО-да халық санағын жүргізуге мыңға жуық адам тартылмақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында биылғы халық санағын жүргізуге 968 адам жұмылдырылады. Оның қатарына 30 уәкіл, 811 санақ жүргізуші-интервьюер және 124 бақылаушы-нұсқаушы қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Статистика департаменті қазір картографиялық материалдарды нақтылап жатыр. Мамандардың айтуынша, биылғы халық санағы екі әдіспен жүргізілмек. Тұрғындар интернет желісін қолданып, санақ парағын онлайн тәртіптемеде өздігінен толтырады немесе арнайы даярлықтан өткен интервьюерлер үй-үйді аралап, дерек жинап, мәліметтерді планшетке енгізеді. Осы мақсатқа арнайы «SANAQ - 2019» веб-сайты құрылмақ.

Респондент өздігінен санақ парағын толтыру үшін сайтқа тіркелуі қажет. Ол үшін ЖСН-ді, жеке бас куәлігінің нөмірін, мобилді телефон нөмірін және код пен құпиясөзді енгізуі керек. Код хабарлама арқылы сайтта көрсетілген телефон нөміріне келеді. Респонденттер халық санағынан онлайн өтпеген жағдайда , интервьюер оларды үйді-үйге жүріп санақтан өткізуге міндетті.

Жалпыұлттық халық санағын жүргізуге республикалық қазынадан 8,8 млрд теңге бөлінген. Он жылда бір рет өтетін маңызды науқан қазанның 16-сы мен қарашаның 15-і аралығында өтпек. Әзірше санақ парағына қанша және қандай сұрақтар енетіні бекітілмеген.

2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша СҚО-ндағы тұрғындар саны 596 мың 535 адамды құраған болатын. Оның 237 мыңы қалада тұрса, қалғаны ауылдық жерлерді мекендейді. Сондай-ақ әйелдердің ер адамдардан шамамен 30 мыңға артықтығы анықталды.

Соңғы жаңалықтар