СҚО-да инвестициялық жоба мамандардың жоқтығынан тоқтап тұр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында кезінде ашылып, бірақ кей себептермен жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың саны жетерлік.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, осындай инвестициялық жоба Шал ақын ауданында бар. 2021 жылы салынған және пайдалануға берілген «шұжық цехы» білікті кадрлардың болмауына байланысты жұмыс істемей тұр.
Прокуратура енді осындай кәсіпорындарға қолдау көрсетпек.
— Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білікті жұмысшыларды іздестіруге көмектесіп жатырмыз. Инвестиция саласында прокурорлардың жаңа жұмыс бағыттарының бірі — жаңа өндірістерді қолдау және кәсіпорындардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне көмектесу. Мұндағы басты көрсеткіштер — жұмыс орындарын құру, сол арқылы салықтың түсуіне және ЖІӨ өсуіне үлес қосу, — дейді өңір прокурорлары.
Кәсіпорындарда жүктеменің төмендігі де үлкен мәселе. Көптеген өндірістік нысанда бәсекелестіктің болуына ғана емес, сонымен қатар шетелден ұқсас тауарлардың көптеп әкелуіне байланысты өнім өндіру төмендеп кеткен.
Осы бағытта прокуратура органдары жұмыс жоспарын құрды. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, олардың жұмысын бақылауда ұстамақ.
Бұған дейін СҚО-да биыл 1200-ден астам диқанның құқығы қорғалғанын жазған едік.