СҚО-да ит қапқан адамдардың саны артты

ит
Фото: freepik.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында ит қауып, дәрігерге қаралған адамдардың саны артты. Санитар дәрігерлер мұны су тасқынымен байланыстырып отыр.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Юлия Гайсинаның айтуынша, жыл басынан бері өңірде ит-мысықтан, жабайы жануарлардан зардап шеккен 236 адам дәрігерге қаралған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,8% көп.

«Зардап шеккендердің 155-ін немесе 65,7% ит қапқан, 69 адам немесе 29,2% мысықтан зардап шеккен, бір адамды түлкі қапса, 6 адамды жылқы тістеп алған. Сондай-ақ 5 адам тышқандар мен егеуқұйрықтардан зардап шекті.

Антирабиялық көмекке жүгіну Айыртау ауданында 11 жағдайға, Ақжар ауданында 5 жағдайға, Ғ. Мүсірепов ауданында 18 жағдайға, Есіл ауданында 7 жағдайға, М. Жұмабаев ауданында 3 жағдайға және Тайынша ауданында 6 жағдайға артып отыр», - дейді Юлия Гайсина.

Маманның айтуынша, барлық жағдайлар бойынша эпизоотолого-эпидемиологиялық тергеу жүргізілді. Өтініш білдіргендердің ішінен 236 адам екпе алды.

Сондай-ақ, су тасқыны кезінде Петропавлдағы көпсалалы қалалық аурухананың травматологиялық пунктіне антирабиялық көмек алу үшін 14 волонтер мен құтқарушы жүгінген. Оларды уақытша ұстау пункттеріндегі иттер қауып алған.

«Қолданыстағы ережелерге сәйкес иттерді байлап немесе қоршауда ұстау керек, серуендеуге қарғыбаумен және тұмылдырықпен шығару қажет. Бұл үй жануарларының қаңғыбас иттермен және ауру жабайы жануарлармен байланысына жол бермеу үшін керек. Барлық иттер құтырма ауруына қарсы егілуі керек.

Өйткені СҚО құтырма ауруының табиғи ошағы аймағында орналасқан. Әсіресе қысқы-көктемгі кезеңде эпизоотиялық белсенділік байқалады, бұл кезде қауіпті вирусты жабайы жануарлар ит-мысық, ауылшаруашылық жануарларына жұқтырып, салдарынан адамдардың ауыру қаупі артады», - дейді санитар дәрігер.

СҚО-да құтырма ауруы 1998 жылдан бері тіркелмеген.

«Құтырма ауруы - орталық жүйке жүйесіне әсер ететін вакцинамен бақыланатын зоонозды вирустық ауру. Клиникалық симптомдары пайда болған жағдайда 100% өліммен аяқталады. Құтырма вирусын адамдар 99% иттен жұқтырады. Инфекция адамдар мен жануарларға сілекей, әдетте қапқан кезде немесе жараларға, шырышты қабаттар - мысалы, көз, ауыз қуысына түсу арқылы жұғады.

Құтырмаға қарсы ем жоқ. Ауруды тек вакцинация арқылы болдырмауға болады. Профилактикалық егулер жеңіл өтеді. Вакцинация кезінде дәрумендер мен ақуыздарға бай тамақ ішіп, гипотермиядан, ыстықтаудан, денеге шамадан тыс салмақ салудан аулақ болу керек, сонымен қатар алкогольдік ішімдіктерді тұтынудан бас тартқан жөн», - дейді Юлия Гайсина.

Маманның айтуынша, ит қапқан жағдайда тісі тиген жерді дереу сабынмен және сумен кем дегенде 15-20 минут бойы жууы керек, жараның шетін 70% спиртпен немесе 5% йод тұнбасымен өңдеп, құтырмаға қарсы вакцина қойдыру үшін медициналық мекемеге мүмкіндігінше ертерек жүгіну керек. Екпе тегін жасалады.

Соңғы жаңалықтар
telegram