СҚО-да КамАЗ жүргізушісі абайсызда бұланды соқты
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сенбі күні таңертең Қызылжар ауданының Знаменское ауылы маңында бұлан КамАЗ көлігінің астына түсті. 38 жастағы жүргізуші машинасымен бидай тасымалдап бара жатқан. Жолда алдынан түз тағысы атып шығып, абайсызда соққан. Оқиға жөнінде жүргізуші 102-ге хабарлаған. Қатты соққыдан бұланның төрт аяғы сынған. Полиция қызметкерлері жеткенше жарақат алған жануар өлді. Тәртіп сақшылары оны ветеринария қызметінің мамандарына тапсырды.
Сондай-ақ Айыртау ауданындағы Айыртау ауылына жақын жерде сенбіден жексенбіге қараған түні кенеттен жолға шыққан жылқы жол-көлік оқиғасына себепші болды. ВАЗ-21015 автомашинасының 35 жастағы жүргізушісі жануарды соқты. Салдарынан жүргізуші мен оның 18 жастағы жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Учаскелік полиция инспекторы жылқының иесін анықтап, оған әкімшілік хаттама толтырды.
«Жабайы жануарлар да, үй жануарлары да жол-көлік оқиғаларына себепші болып жатады. Кенеттен жолға шығып, жүргізушілер үшін үлкен қауіп тудырады. Орманның маңынан өткенде, түнде қырағылық танытып, жылдамдық режимін қатаң сақтау арқылы ғана жол-көлік оқиғасының алдын алуға болады. Бірақ бұл да соқтығысып қалудан сақтамайды, дегенмен апаттың ауыр салдарын барынша азайтады», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.