СҚО-да қар құрсауында қалған 4 балықшы құтқарылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар балық аулауға шығып, қар құрсауында қалған 4 адамды құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқару қызметіне түнгі сағат 23.38 минут кеткенде Тайынша ауданы Летовочное елді мекенінің тұрғыны көмек сұрап хабарласқан.
Айтуынша, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының шекарасында, Қақ көлінің маңында 4 балықшы мінген жеңіл көлік қарға батып қалған.
Балықшыларды құтқаруға аудандық № 18 өрт сөндіру бөлімшесінің екі қызметкері жол талғамайтын Нива Бронто көлігімен аттанды. 70 шақырымды жүріп өткен олар қар құрсауында қалған адамдарды іздеуге кірісті. Сол күнгі боран, түн құтқарушылардың жұмысын қиындата түсті. Тек сағат 1.49 минут кеткенде балықшылардың көлігі Қақ көлінің маңынан табылды.
Ер адамдар Тимирязев ауданына аман-есен жеткізіліп, тиісті көмек көрсетілді, тамақтандырылды.