СҚО-да қар құрсауында қалған ақтөбелік хоккейшілер алты сағаттан соң құтқарылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ақтөбелік 28 хоккейші мінген автобус жолда қалып, тек 6 сағаттан кейін ғана қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбе қаласының хоккей командасы «Тимирязев-Сарыкөл» тасжолында, Тимирязев ауданының Москворецкое елдімекеніне 18 шақырымдай жетпей жолда қалады. Спортшылар мінген автобустың жүргізушісі облыс шекарасынан өтісімен, жолды қар алып жатқанын байқап, кері қайтпақ болған. Алайда «Neoplan» габаритті автобустың арты жол жиегіне түсіп кеткен. Жүргізуші полицияның кезекші бөліміне хабарласты.

Оқиға орнына «Қазавтожол» ЖШС екі арнайы техникасы жіберіліп, полиция қызметкерлері, құтқарушылар, аудандық әкімдік өкілдері шықты. Боранның салдарынан жолды қар алып қалғандықтан, көмек күткен хоккейшілерге жету үшін оларға бірнеше сағат керек болды. Түскі сағат 12.00-лер шамасында техника жолды ашып, қонақтар мінген автобус аудан орталығы Тимирязев елдімекеніне жөнелтілді.

Кейін спортшылар Петропавл қаласына сапарын жалғады.



Соңғы жаңалықтар