СҚО-да қарғын суды ағызу үшін екі автожол бұзылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында  бір тәулікте автомобиль жолдарының 30 учаскесін су шайып кетті. Тағы екі учаскені тасқын суды өткізу үшін қолдан бұзуға тура келді. 

екі автожол бұзылды
Фото: видеодан алынған скрин

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, су басқан жолдардың жиырмасында ғана қазіргі кезде көлік жүріп жатыр. Оның алтауы облыстық, қалғаны аудандық маңыздағы жолдар. 

Қазіргі уақытта Уәлиханов ауданының Қаратал, Береке ауылдарына жол жоқ. 

Тайынша ауданындағы облыстық маңызы бар «Тайынша-Келлеровка» автожолын бұзып, судың өтуіне жағдай жасалды. Келлеровка мен Тайынша қаласының ара қашықтығы – 35 км. Балама жол бар, ол Алексеевка елді мекені арқылы өтеді, ара қашықтық – 87 км. 

Сондай-ақ аудандық маңыздағы «Келлеровка-Южная» жолы да қолдан бұзылып, қарғын суға жол ашылды. Елді мекенге байланыс жоқ. Бұған дейін Сергеев су қоймасының 94%-ы толғанын хабарлаған едік.

Сонымен қатар СҚО-ға Түркістан облысынан су тасқынымен күреске көмектесуге келген құтқарушының кенеттен қайтыс болғанын жаздық.