СҚО-да қасақана алимент төлеуден жалтарғандардың борышы 250 млн теңгеден асады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында алимент төлеуден қасақана жалтарып жүрген 40 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Баласына ақша қимай, бірақ букмекерлік кеңсе жағалап жүрген олар бірер жылда 500 млн теңгеге ойнаған. 

СҚО-да қасақана алимент төлеуден жалтарғандардың борышы 250 млн теңгеден асады
Фото: Дамир Ескендіров

СҚО прокурорлары ведомствоаралық жұмыс кеңесін өткізіп, 10 айда алиментті өндіріп алу бойынша атқарылған жұмысты қорытындылады.

«СҚО-да ай сайын 9 мыңнан астам бала алимент алады. 174 адам қасақана алимент төлеуден жалтарып жүр. Жақында прокуратура букмекерлік кеңселерді тексерді, борышкерлер қатарында жүрген 40 адам ұтысқа ақша тігіп келген. Борышкерлер СҚО бойынша жалпы сомасы 500 млн теңгені осы букмекерлік кеңселерде қалдырған. Мәселен біреуі букмекерлік кеңседе 50 млн теңге ұтылған. Индрайвер, яндекс таксилерді де тексердік. Алимент төлеуден қашып жүргендердің бірі белгілі бір аралықта 2 млн теңге табыс тапқан», - дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар.

СҚО-да қасақана алимент төлеуден жалтарғандардың борышы 250 млн теңгеден асады
Фото: Дамир Ескендіров

Қазіргі уақытта борышкерлердің ортақ берешегі 250 млн теңге шамасында.

«Сот орындаушылары өз жұмысын тиісті деңгейде орындамайды. Өткен аптада әділет департаменті басшысына ұсыныс жібердік. Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Кінәлілер тиісті жазасын алады. Ал анықталған 40 борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тартамыз. Жалпы жыл басынан бері өңірде 12 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жақында ғана бір үкім шықты. Бұл бап бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ сот көбіне борышкерлердің бостандығын шектейді. Бұдан бөлек әкімшілік жауапкершілік бар. Биыл 80 адамды жазаладық, олардың 90% қамауға алынды, яғни 5-10 тәулікке қамалды», - дейді прокурор. 

Бір жылға бостандығы шектелген Петропавл тұрғынының алимент бойынша 4,6 млн теңге қарызы бар. Прокурорлардың үйлестіру шаралары нәтижесінде алимент бойынша 110 млн теңге берешек өтелді.

«Борышкерлер табысын жасыру үшін түрлі айла-тәсілге барады. Жақында ведомствоаралық кеңес өтіп, бізге осындай алимент төлемеушілерді анықтау механизі берілді. Прокуратура анықтаған фактілер бойынша жұмыс істеп, олардан ақшаны өндіріп алу және қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жинап жатырмыз. Сондай-ақ букмекерлік орталықтарға қандай да бір қарызы барлардың тізімін жіберіп, олардың құмар ойын ойнауына тыйым салынды, аккаунттары да бұғатталды. Мұндай жұмыс электронды ақша, әмиянмен де жүргізіледі. Болашақта критпоактивтерді бұғаттауды да қолға аламыз деп ойлаймын. Өйткені бұл да табысты жасырып, жауапкершіліктен кетудің бір жолы», - дейді аймақтық жеке сот орындаушылар палатасы басшысының орынбасары Арман Құсанов.

Бұған дейін СҚО-да парамен ұсталған 2 шенеунік пен кәсіпкер сотталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар