СҚО-да кәсіпкер мектепті үздік аяқтаған түлектерге асыл тұқымды сиырдың бұзауын сыйға береді

Солтүстік Қазақстан облысындағы құрып кетудің аз-ақ алдында қалған Сулышоқ ауылы бес жылдың ішінде болашағы зор елді мекендердің қатарына қосылды. Осы аралықта 20 жаңа үй бой көтеріп, халық саны үш есе өсті. Әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бұл игі істің басында жергілікті кәсіпкер Қайрат Жәнібеков жүр. Kazinform тілшісі өз кәсібін ғана дөңгелетіп қоймай, туған ауылының жағдайын жасап, көпке үлгі болып отырған кәсіпкерді әңгімеге тартты.

СҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Қайрат Сапарғалиұлы, алдымен өзіңізді таныстырып кетіңізші...

- Мен СҚО Мағжан Жұмабаев ауданы Сулышоқ ауылында туып, өстім. Мектепті бітірісімен Петропавлдағы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, техник-механик мамандығын алып шықтым. Ауыл шаруашылығы саласында жүргеніме 27 жыл болды.

СҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Шаруашылығыңыз жайында айтыңызшы, бәрі неден басталды?

- Тоқсаныншы жылдар болатын, кеңшарлар құрып, ертеңіміз бұлыңғыр кез. Отбасымызға пайдан 76 га жер бұйырды, сол алқаппен егін салуды бастадық. Қиындықтарға мойымадық, ерінбедік, бара келе басқа шағын шаруашылықтар қосылды. Нәтижесінде «Агро-Комплекс-Сулышоқ» ЖШС құрдық. Қазір иелігімізде 1184 га жеріміз бар. Бидай, арпа, сұлы егеміз. Біз егіншілікпен ғана емес, мал шаруашылығын да дамытып жатырмыз, сондықтан жыл бойы жұмыс бар. Фермаға симментал сиырларды әкелдік. Бұл сүтті сиырлар. Сондай-ақ ірі қара малдың герефорд тұқымы бар – етті бағытты да дамытып жатырмыз.

- Сулышоқ – болашағы зор елді мекендердің қатарында. Десек те кезінде ол да көптеген қазақ ауылының кебін киіп, құрып кетудің аз-ақ алдында қалған екен.

- Ия, дұрыс айтасыз. 2017 жылы бала санының аздығына байланысты мектеп жабылады екен деген хабар келді. Білмекке бірден әкімдікке хабарластым. Олар бұл ақпаратты растады. Сосын ондағы мамандар халықты жұмыс күші көп өңірлерден солтүстік облыстарға көшіретін бағдарлама бар екенін айтты. Дәл сол күні ауданға жеті баласы бар бір отбасы келіпті, Булаевтағы қонақүйге түскен екен. Көлікпен барып, отбасыны ауылға алып келдім. Оларға ауыл ұнады, қалатын болды. Сөйтіп біздің мектептегі бала саны 14-ке жетті. Сол жылы сол кісілердің таныстары төрт баламен келді.

2018 жылы төрт баласы бар тағы бір отбасыны қабылдадық. Бірақ бізге бала әлі де аз, жабамыз деді. Облыстық әкімдікке барып, сол кездегі әкімнің орынбасары Айдарбек Сапаровқа кіріп, жағдайды айттым. 30 бала болатын болса мектеп жабылмайтындығына уәде берді. Мен 30-ға жеткізетінімізді айттым.

2019 жылы шаруашылық есебінен қоныс аударушыларға бес үй салдық. Бюджет есебінен қосымша 5 үй тұрғызылды. Осылайша бір жазда ауылда 10 жаңа үй пайдалануға берілді. Жағдай жасалғаннан кейін отбасылар көшіп келе бастады. Содан бері ауылымызға 24 отбасы қоныс аударған екен. Оларға осы бес жылдың ішінде 20 баспана тұрғызылды.

Көшіп келген ерлі-зайыптылардың ішінде мұғалімдер бар, олар мектепке жұмысқа орналасты. Ветеринар, электрик, жұмысшылар бар, олар шаруашылықта жұмыс істеп жатыр. Қазір бізде кадр тапшылығы жоқ, бірақ, көшіп келген адамға жұмыс тауып береміз.

СҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Қазіргі уақытта ауылда қанша тұрғын бар? Оларға қандай жағдай жасалған?

- 2017 жылы студенттермен қоса есептегенде Сулышоқта 76 адам болған. Қазіргі уақытта 266 тұрғынымыз бар. «Еңбек» бағдарламасымен 24 отбасы көшіп келді. Болашақта тағы 10 үй салуды жоспарлап отырмыз. Қазір 50/50 бағдарламасы бар, шығынның жартысы мемлекет есебінен өтеледі. Бұл алдағы үш жылға жоспар.

Ауылда жұмыс бар. Сондай-ақ қорадағы малын көбейтсін деп тұрғындарға үш жылға сиыр беремін. Олар төлін өздеріне алып, шаруашылықпен айналысады, дәл осылайша қой да беремін. Бұл адамдарды еңбекке ынталандырады.

Былтыр ауылда мәдениет үйін салдық. Қазір барлық мерекелерді осы клубта өткіземіз, жастарға би кештері ұйымдастырылады. Әлеуметтік нысандарды ашып жатырмыз, мұның бәрі қосымша жұмыс орны ғой. Апаттық жағдайда тұрған мектепті күрделі жөндеуден өткіздік. Жиһазы, асхананың жабдығы жаңадан алынды. Биыл балабақша құрылысы жүріп жатыр, оны жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Медпункт жұмыс істейді.

Мектепті жақсы аяқтаған 9 оқушыға асыл тұқымды ірі қара малдың бұзауларын бердік, ынталандырып. Бір кездері жабылудың аз ақ алдында қалған мектепке қазіргі уақытта бала сыймайды, сондықтан оқушылар екі ауысымда оқитын болған. Ғимаратта спорт залы қарастырылмаған. Сондықтан ауылға мектеп керек. Қазір 86 бала мектепке барады, оның 18-і – шағын орталық тәрбиеленушілері. Ауыл өсіп жатыр, мектеп тар, бұл мәселені көтергенімізге екі жыл болды.

СҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Бұл Сізге не үшін керек?

- Біздің түп қазығымыз – ауыл. Осы байлығымызды сақтап қалуымыз керек. Ол үшін халыққа жағдай жасау керек. Қазір біздің ауылда, байқасаңыз, көше қаңырап бос жатқан жоқ, ойнаған, жүгірген баланы көресіз. Бұл керемет емес пе, яғни ауылдың болашағы бар. Біздің бес жылғы еңбектің нәтижесі. Ауылымызды сақтап қала алдық.

СҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Мұнымен тоқтап қалмайсыз ғой, қандай жоспарларыңыз бар?

- Алға қойған мақсат – ауылда өндіріс орнын ашу. Шикізат сүт бар, сүт желісін орнатып, ірімшік жасауға болады. Мешіт салынады, оған арналған учаске де, құжаттары да дайын. Балабақша құрылысы аяқталғаннан кейін көктемде іске кірісеміз. Мемлекет тарапынан да керемет қолдау бар, ауылда биыл үш көше жөнделді, былтыр таза су кіргізілді.

- Рахмет!

СҚО
Фото: кейіпкердің жеке архивінен