СҚО-да кәсіпорындарды заңсыз тексергендер жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі жылда инвесторлардың жалпы сомасы 462 млрд теңгеге жуық отыздан астам мәселесі шешілді. 

СҚО-да кәсіпорындарды заңсыз тексергендер жазаланды
Фото: Kazinform

СҚО прокуратурасының мәліметінше, экология департаменті «Солтүстік бройлер» құс фабрикасы» ЖШС жоспардан тыс тексеріс жүргізбек болған. Инвестор прокуратураға шағымданып, зерттеу нәтижесінде ведомствоның тексеруді тағайындауға негізі жоқтығы анықталды.

Айыртау ауданында полиция қызметкерлері тексеру тағайындау және оны тіркеу туралы акт шығармай, «Арқа санаторийі» АҚ инвесторында көші-қон тексерулерін заңсыз жүргізген. Прокурорлардың актісі бойынша полицияның 3 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

— Инвесторлардың құқығын қорғауда «прокурорлық фильтр» енгізілді. Яғни мемлекеттік орган прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға, лицензияларын қайтарып алуға және өзге де шектеулер қоюға құқығы жоқ.

Осы «фильтр» аясында біз тексеру, әкімшілік жауапкершілікке тарту және шектеу шараларын қолдану туралы 31 заңсыз шешімнің алдын алдық.

Мысалы, Мамлют және Тайынша ауданының салық органдары заңды негіз келтірмей және нақты кәсіпкерлік субъектілерін көрсетпей тақырыптық тексерулер жүргізуді жоспарлаған, — дейді СҚО прокурорының бірінші орынбасары Әбу Әли Саттар.

Қадағалау актілері бойынша салықтық тексерулерді негізсіз жоспарлау фактілері бойынша 3 лауазымды тұлға жазаланды.

— Заңнамалық өзгерістер кәсіпкерлік және азаматтық іс жүргізу кодекстеріне, сондай-ақ ӘҚБтК-ге енгізілді және осы жылғы қаңтарда қолданысқа енгізілді. Атап айтқанда, енді прокурормен келіскеннен кейін ғана инвесторға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға болады. Прокурордың келісімі болмаған жағдайда ол іс жүргізуді тоқтатуға негіз болады. Кәсіпкерлік Кодекске енгізілген өзгерістер мемлекеттік органдарға прокурордың келісімінсіз инвесторларды тексеруге тыйым салуды көздейді. Азаматтық іс жүргізу кодексінде де өзгеріс бар. Енді мемлекеттік орган инвесторды сотқа бермес бұрын оны прокурормен міндетті түрде келісуі қажет, — дейді прокурор.

Өңір прокуратурасы 85 инвестжобаны бақылауға алған.

Бұған дейін СҚО-да биыл сапасыз медициналық қызметке қатысты 100-ге жуық шағым түскенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар