СҚО-да қатерлі ісіктің қай түрлері көп таралған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы 8 айда жаңадан 1 338 адамға онкология диагнозы қойылды.
СҚО онкологиялық орталығы емханасының меңгерушісі Ерқанат Байтұрсынның айтуынша, сырқаттардың 38% обыр ерте кезеңде анықталған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4% жоғары. Ал, қаралғандардың 12% қатерлі ісік соңғы сатыларда анықталды. Жалпы өңірде таралуы бойынша сүт безі обыры, колоректалды обыр, өкпе және тері обыры алдыңғы қатарда тұр.
— Қатерлі ісікті бастапқы кезеңдерде анықтаудың негізгі жолы — скрининг. Биыл сегіз айда жатыр мойны обырына тексеру барысында обырға дейінгі аурудың 147 жағдай анықталып, үш әйелге жатыр мойны обыры диагнозы қойылды. Оның екеуінде бірінші, біреуінде екінші сатыда анықталды, — дейді Ерқанат Байтұрсын.
Ал, сүт безі обыры бойынша скрининг нәтижесінде 64 әйелде қатерлі ісік анықталса, оның 42-сінде обырдың бірінші, 22-сінде екінші сатысы болған.
— Колоректалды обырға скрининг жүргізіліп, гемокульт-тест 1 109 оң нәтиже берді, 586 пациентке колоноскопия жүргізілді. Нәтижесінде 165 адамнан обырға дейінгі жағдайлар анықталды. Сонымен қатар тоқ ішек обырының 26 жағдайы тіркелді. Оның 13-і бірінші, 13-і екінші сатыда анықталды, — дейді емхана меңгерушісі.
Мамандардың айтуынша, скрининг ауруды айқын белгілері пайда болмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді. Орталық 26 қыркүйекте әйелдердің репродуктивті жүйесінің онкологиялық ауруларының алдын алуға және ерте анықтауға арналған Ашық есік күнін өткізбек. Қабылдауды онкогинеколог мамандар жүргізетін болады.
Бұған дейін Маңғыстау облысында онкология мен қант диабетіне шалдыққандар саны артқанын жазған едік.