СҚО-да қатты жел соғып, күн күрт ысиды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РМК-ның өңірдегі филиалының мәліметінше, Петропавлда бейсенбі күні солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді деп күтілуде.
Төтенше жағдайлар департаменті ауа температурасының жоғарылауына байланысты облыс аумағына жоғары өрт қаупі төніп тұрғаны туралы ескерту хабарламасын таратты.
«26-27 шілдеде ауа температурасы 25-30 градусқа, кей жерлерде 35 градусқа дейін көтерілетіндіктен, өрт қаупі жоғары. Орман өрті болуы мүмкін», делінген хабарламада.
Құтқарушылар төтенше жағдайдың алдын алу үшін және халықтың тұрмыс-туршілігіне қауіп төндірмес үшін арнайы шараларды қабылдауды ұсынады.