СҚО-да қазақ ауылының кәсіпкерлері Рамазан айында арақ-шарап сатудан бас тартты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында спирттік ішімдіктерден бас тартқан елді мекендердің саны артып келеді. Олардың қатарына әзірге уақытша Қарағаш ауылы қосылды. 

арақсыз ауыл
Фото: СҚО ДП баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданы Абай ауылдық округінің Қарағаш ауылында учаскелік полиция инспекторы, имам және ақсақалдар кәсіпкерлерге қасиетті Рамазан айында ішімдік сатудан бас тартуды ұсынды. Олар ішімдік саудасына лицензиясы бар дүкен иелерімен әңгімелесті. Кәсіпкерлер ақсақалдардың ұсынысын оң қабылдады.

«Қарағаш ауылында спирттік ішімдіктерге сұраныс жоқ. Былтыр және биылғы жылдың басында ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеді. 2019 жылдан бастап осы округке қызмет етіп келемін. Содан бері Қарағашта мас күйінде жасалған бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ», - дейді учаскелік полиция инспекторы Руслан Бекболатов.

СҚО-да арақ-шараптан толық бас тартқан бес ауыл бар. Олар: Тайынша ауданындағы Теңдік ауылы, Айыртау ауданындағы Қарасай батыр және Бірлестік ауылдары, Есіл ауданының Қарағай ауылы және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Ковыльное елді мекені. Ақсақалдар туған ауылдары Қарағаш та жақында солардың қатарына қосылады деген үмітте. 

Соңғы жаңалықтар