СҚО-да Қазақстандағы алғашқы кәріздік тазарту стансасы іске қосылмақ
Елімізде теңдесі жоқ жоба Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимкада қолға алынған. 2018 жылы басталған жабық типті кәріздік тазарту нысанының құрылысына 3 млрд астам теңге жұмсалған еді. Оның қуаты тәулігіне 3 мың текше сарқынды суды тазартуға жететін болады.
СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, жоба аясында 26 шақырым магистральді желі тартылды. Бұрын аудан орталығында үш кәріздік-сорғы стансасы болса, қосымша тағы төртеуі салынды. Олар арқылы бар сарқынды су жаңа желіге құйылып, кәріздік тазарту нысанына келеді.
«Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа нысанның игілігін 10 мыңнан астам адам көреді. Жоба 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Осыған ұқсас жоба Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында да қолға алынбақ. Қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Жалпы, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудан бөлек елді мекендерде осындай жобаларды жүзеге асыру ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырып, ауылдарда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік туғызады», - дейді Сәтжан Аблалиев.
Бұған дейін СҚО-да елді мекендерді сумен қамтуға келер жылы 12,5 млрд теңге жұмсалатынын айтқан едік. Қазіргі уақытта 226 ауыл таза сусыз отыр.