СҚО-да кешегі боранда екі жүзге жуық адам эвакуацияланды, екі әлеуметтік нысан зақымданды

Солтүстік Қазақстан облысында 26 желтоқсан күні болған боран салдарынан барлық бағыттағы жолдар жабылды. Десек те осы күні ескертуге қарамастан жолға шыққандар болды. Құтқарушылар қар құрсауынан 9 көлікті шығарып, 194 адамды жылы орынға жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.

бұрқасын
Фото: pixabay.com

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қар құрсауынан шығарылғандардың бесеуі — бала. Құтқарылғандар Шал ақын ауданы Сергеевка қаласындағы, Есіл ауданы Покровка, Мамлют ауданындағы Мамлютка және М.Жұмабаев ауданындағы Булаево елді мекендерінде орналасқан жылыту пункттеріне жеткізілді. Жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақпен қамтыды. Ешқайсысына медициналық көмектің қажеті болмады.

Бір тәулік ішінде 112 жедел арнасына 1,5 мың телефон қоғырауы түскен.

Шал ақында дауыл екі ғимараттың шатырын жұлып әкетті. Оның бірі — Сергеевка қаласындағы мектеп-гимназия, екіншшісі — «Бөбек» балабақшасы. Мамандардың айтуынша, бұл күні желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен. Балаларды үйлеріне аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері және жергілікті атқарушы билік автобуспен жеткізді.

Зардап шеккендер және қаза тапқандар жоқ.