СҚО-да кей мекемелерді қайта құру арқылы 65,9 млн теңге үнемделмек
Бұл жайында «Қызылжар - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде өткен брифингте белгілі болды.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының мәліметінше, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру арқылы шығынды азайту бастамасын көтерді.
СҚО-да бұл мәселе «Қызылжар - адалдық алаңы» жобасының кураторы, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тікелей бақылауында.
Облыста мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынышты ұйымдардың жұмысын оңтайландыру мақсатында жергілікті атқарушы билік органдарының қызметіне сараптама жасалды. Нәтижесінде олардың кейбірінің жұмысын қайта құру барысында 65,9 млн теңгені үнемдеуге болатындығы анықталды.
«Бұл атқарылып жатқан жұмыстар азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды басымдыққа алатын мемлекеттік аппаратты құруға негізделген. Біз халықтың мұқтажын тыңдап қана қоймай, ести білуіміз керек. Мемлекеттік органдарда оңтайландыру жұмыстары біртіндеп жүргізіледі», - дейді билік өкілдері.
Мониторинг Денсаулық сақтау саласында да жүргізілді. Петропавл қаласындағы 5 медициналық мекемені бір көпбейінді ауруханаға біріктіру нәтижесінде 10,9 млн теңге үнемделмек.
Мәдениет саласының нысандары да қайта құрылады. «Мағжан Жұмабаев музейі», «Есіл ауданының тарихи-өлкетану музейі» сияқты тағы бірнеше аудандық мұражайларды «Облыстық музейлер бірлестігіне» біріктіру барысында 249 мың бюджетте қалады. Оңтайландыру жұмыстары аудан орталықтарында жүргізіліп, білім беру саласын да қамтиды.
Мемлекеттік органдар алып отырған нысандарды түгендеу барысына әкімшілік кабинеттер, басшылардың демалыс бөлмелері қысқартылды. «СҚО Жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары басқармасында» 52,23 шаршы метр бос орын анықталып, 608 мың теңге, Аққайың ауданы Астраханка ауылдық округінің әкімдігінде 150 шаршы метрден бюджеттің 600 мың теңгесі үнемделді.