СҚО-да қыс мезгілінде жолдарды дұрыс күтіп ұстамаған 51 лауазымды тұлға жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жолдарды қардан дұрыс тазартпай, міндетіне жүрдім-бардым қарағандар жазаланып жатыр. Бұған тұрғындардың жолдың сапасына қатысты көптеген шағымы себеп болған.

Биыл СҚО-ға жылдағыдан қар қалың түсті. Желтоқсан айында жауған жаңбыр жолдардағы жағдайды ушықтырып жіберді. Қатқан мұз көлікті шыр айналдырып, жолдан лақтырып жібереді. Зардап шеккен тұрғындар бұл туралы әлеуметтік желіде жазып та, айтып та жатыр.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері жолдарға күшейтілген түрде тексерулер жүргізіп, адамдардың арыз-шағымдарына қатысты шаралар қабылдап жатыр. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында проблемалық учаскелер анықталған.
Осылайша қаңтар айында автомобиль жолдарына және көше-жол желісіне 2,5 мың шақырымды қамтитын 241 тексеру жүргізілді. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 348 кемшілік анықталды, 51 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полицейлердің мақсаты – жазалау емес. Жол қауіпсіздігін нығайту үшін мүдделі органдармен тығыз қарым-қатынас жасау. Барлық бағыттағы жолдарды жабу тәжірибесін кеңінен қолдану туралы шешім қабылданды. Боранды күні арнайы техниканы жоспарлы түрде жолдарды тазалауға жіберудің орнына омбы қарда батып қалған көліктерді шығаруға қолдануға тура келеді. Бұдан бөлек, жедел жәрдем сияқты шұғыл қызметтердің автокөліктеріне жол ашып беру үшін де қосымша резерв қажет. Аудандық полиция бөлімдеріне жол апаттары туындауы мүмкін қауіпті учаскелерде жылдамдықты уақытша төмендету және қар тазалау жұмыстарын тұрақты бақылауға алу туралы тапсырма берілді», – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Осы мәселеге қатысты полиция жергілікті атқарушы органдармен және жолдарды күтіп ұстауға жауапты мердігер ұйымдармен кезекті кездесу өткізді. Аудандық полиция бөлімдеріндегі жол-техникалық инспекциясы топтарының жетекшілері онлайн режимде қатысты. Кездесуде ауа-райының нашарлауы кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі сияқты мәселелер талқыланды.