СҚО-да көктемде 480 жігіт әскер қатарына алынады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл көктемде 480 жігіт әскер қатарына алынады, олардың алғашқы легі 13 наурыз күні шекара қызметіне аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Талғат Әліқұловтың айтуынша, 10 қаңтар мен ақпан айының соңына дейін әскери комиссариатта дайындық кезеңі өтті.
Бүгінге дейін жасөспірімдерді әскерге шақыру учаскесіне тіркеу жұмыстары да аяқталып, 3010 бозбала есепке алынды.
Жалпы қазір СҚО бойынша 14 124 жігіт есепте тұр.
«Олардың 13 054-і әскерге шақыртуға жарамайды. 6 484 адам кейінге қалдырылды. 2495 әскерге шақыртудан босатылды. 1070 жігіт әскерге жарамды. 13-19 наурыз аралығында шекара қызметіне екі команда аттанады. Қарулы күштерге 27 наурыздан 25 мамырға дейін алты команда жіберуді жоспарладық. 19 мамыр мен 24 маусым аралығында Ұлттық Ұланға 7 команда жіберіледі», - дейді Талғат Әліқұлов.
Өткен күзде өңірден Отан алдындағы борышын өтеуге 550 жігіт шақыртылды. Осылайша СҚО міндетті 100% орындады.
Биыл да эпидемиологиялдық жағдайға байланысты әскерге алынатын жігіттер әскери бөлімге аттанар алдында және бөлімге жеткеннен кейін 2 рет ПТР-тест тапсырады.
Оның нәтижесіне қарамастан болашақ сарбаздар екі апталық карантинде оқшауланады.