СҚО-да көктемгі су тасқынына әзірлік кей аудандарда тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары су тасқынына дайындық барысын тексеру кезінде кей аудандардың бұл іске жүрдім-бардым қарағанын анықтады. 

 су тасқыны
Фото: Қарасай ауданының әкімдігі

СҚО прокуратурасының мәліметінше, Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша заңдылықтың жай-күйін талдау барысында Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының талаптары өрескел бұзылғандығы белгілі болды.

Мәселен Айыртау ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тасқын су басатын елді мекендерден қар шығару жұмыстарын ұйымдастырмаған.

Заң талаптарын бұза отыра, бұл ауданда жауапты тұлғалар облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстарын жүргізбеген.

Осындай заңбұзушылықтар Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл аудандарында да анықталған.

Тимирязев ауданында инженерлік техника мен инертті материалды алуға шарт жасалмаған. 
Сонымен бірге Мамлют, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов аудандарының жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары қорғаныш топырақ үйіндісін нығайту және су өткізгіш құбырларды орнату бойынша 2024 жылғы су тасқынына дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспарының іс-шараларын орындамаған.

Қадағалау органының шаралары бойынша жергілікті атқарушы органдар заңбұзушылықтарды жою бойынша жұмыс жүргізуде.

Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша облыс прокуроры Қайрат Әбдіхановтың төрағалығымен ведомствоаралық кеңес өтіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауапты лауазымды тұлғалар есеп берді.

Отырыс нәтижесінде су тасқынының қауіпсіз өтуіне және төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүргізу туралы бірлескен шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар