СҚО-да көктемгі егіске 74 мың тоннаға жуық жанар-жағармай бөлінбек

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына көктемгі дала жұмыстарына қажет жанар-жағар май биыл жылдағыдан бір ай бұрын беріле бастады. Бұл дәл қажет уақытта сұйық отын тапшылығын тудырмас үшін қолға алынған шара, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл өңірге жер жырту, дән себу, дәрілеу сияқты жұмыстарды атқаруға 73,6 мың тонна жанар-жағар май қажет.

«Ақпан айында 18,6 мың тонна жанар-жағар май өңірге келеді. Жалпы, қажетті сұйық отын маусымға дейін жеткізілмек. Әр айдың өз мөлшері бар, ол кесте бойынша әкелінеді. Павлодар мұнай-химия зауытынан 53 мың тонна, Атырау мұнай өңдеу зауытынан 20,6 мың тонна өнім бөлінді», - дейді басқарма басшысы Мейрам Меңдібаев.

Маманның айтуынша, биыл өңірге жанар-жағармай жеткізу кестесі бойынша жұмыстар бір айға ерте басталып отыр.

«Арзандатылған сұйық отын диқандарға дәл керек уақытында жетіп, жұмыстары тоқтап тұрмауы үшін жылдағы тәжірибе ескерілді. Дизель отынының тапшылығын тудырмас үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Энергетика министрлігі көктемгі дала жұмыстарына қажет жанар-жағармайды өңірлерге жеткізу кестесін жасады», - дейді Мейрам Меңдібаев.

Былтыр СҚО-ға өсімдік шаруашылығын дамытуға жалпы сомасы 29,3 млрд теңге бөлінді.

Биыл осы салаған 19,6 млрд теңге жұмсалмақ.


Соңғы жаңалықтар