СҚО-да көктемгі су тасқынымен күреске 675,5 млн теңге қаражат бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны қатеріне жедел әрекет ету мақсатында 500-ге жуық адам және жүзден астам техникасы бар күш пен құралдардың тобы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да көктемгі су тасқынымен күреске 675,5 млн теңге қаражат бөлінді

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімі көктемгі су тасқынына дайындалу, өткізу және облыс аумағында ықтимал залалды азайту жөнінде негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Өңірде жарияланған айлық аясында су тасқыны жолында орналасқан елді мекендер тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта өңірде көктемгі су тасқыны қатеріне жедел әрекет ету мақсатында 475 адам және 134 техникасы бар күш пен құралдардың тобы құрылды. Оның ішінде құтқарушылар, Ұлттық гвардияның сарбаздары және полиция департаментінің қызметкерлері бар.

Департаментте халықты тасымалдауға және эвакуациялауға арналған 10 вахтовка машинасы, жол талғамайтын 5 көлік, 5 жүзу құралы, 85 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм және 416 адам сыятын 21 шатыр бар. Биыл да бұл техникалық ресурс су тасқыны болуы мүмкін елді мекендерге алдын ала жеткізілетін болады.

Ал су тасқыны күрделі өткен жағдайда жергілікті атқарушы органдар 2 мыңнан астам адамды, шамамен 1 300 техниканы шығармақ. Бұдан басқа 198 тонна жанар-жағар май, 30 мың тонна инертті материал және 36 мың қап дайындалды.

Былтыр көктемгі су тасқынымен күреске 504 млн теңге бөлінсе, биыл жергілікті атқарушы органдар резервінен 675,5 млн теңге бекітілді.

Бұған дейін СҚО-да 85 ауылды су басуы ықтимал екенін айтқан едік.

Сондай-ақ арнайы қызметтердің көктемгі су тасқынына дайындығын пысықтау мақсатында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өтті.