СҚО-да қоқыс сұрыптау кешені салынбақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жылына 70 мың тонна қоқыс сұрыптайтын кешенді салу жоспарланған. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоқыс сұрыптау кешені құрылысын жүргізуге СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы конкурс өтетіндігі жайында хабарлады.

Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асыру жоспарланған.

Нысанға тапсырыс беруші – Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Ғимараты бар өндірістік кешен Шаховское ауылы маңында, «Қызылжар Тазалық» ЖШ-нің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағында салынуы тиіс. Бұл мақсатқа 1 га жер бөлінген. Құрылыс келесі жылы басталып, 12 ай ішінде пайдалануға берілуі тиіс.

Кешен тоқтаусыз жұмыс істеп, жылына 70 мың тонна қоқысты өңдеуі тиіс. Яғни қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдап, сұрыптап, брикеттейді. Екі желі - пластмасса, макулатура, шыны сияқты қатты тұрмыстық қалдықтарды іріктеуді қамтамасыз ететін «таза» тұрмыстық қалдықтарға арналған және металл, ағаш, тоқыма, сүйек, тері, резеңке сияқты қоқысты сұрыптайтын желі болады.

Қоқыс сұрыптау кешені іріктеуден кейін қалған қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін 4-5 есе азайтпақ. Қоқыс жоғары қысымда брикеттеліп, бұл оларды көму үшін полигондар алаңын неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру өңірдің экологиясын жақсартып, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеуге жағдай жасайды.


Соңғы жаңалықтар