СҚО-да көкжөтелмен ауыру шамамен алты есе төмендеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көкжөтелдің зертханалық жолмен расталған төрт жағдайы тіркелді.
СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылдың сегіз айында өңірде 23 бала ауырған.
Олардың барлығы жасқа толмаған.
— Аурушаңдық өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендегенімен, қауіп әлі де бар. Себебі биыл көкжөтелге шалдыққандардың барлығы — бір жасқа дейінгі, вакцина алмаған балалар. Аурудың барлық жағдайы қаңтар, ақпан және наурыз айларында тіркелді, — дейді департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Гүлида Джакеева.
Маманның айтуынша, көкжөтел алғашында қарапайым суық тиюге ұқсайды. Мұрыннан су ағады, дене қызуы көтерілуі мүмкін, жеңіл жөтел пайда болады. Сондықтан аурудың алғашқы кезеңінде оны бірден тану оңай емес. Алайда уақыт өте келе жөтел күшейіп, ұстамалы сипатқа ауысады. Әсіресе өмірінің алғашқы айларындағы балаларда бұл инфекция ауыр өтуі мүмкін.
— Көкжөтел — ауа арқылы тарайтын бактериялық инфекция. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде қоздырғыш айналаға таралады. Вакцина алмаған адамның инфекция жұқтыру қаупі жоғары.
Аурудың ең қауіпті тұсы — асқынуы. Көкжөтел пневмонияға, ал ауыр жағдайда ми зақымдануына дейін алып келуі мүмкін. Сондықтан балада ұзаққа созылған немесе ұстамалы жөтел байқалса, өздігінен емдеуге тырыспай, дәрігерге жүгінген жөн, — дейді Гүлида Джакеева.
Көкжөтелден қорғанудың негізгі жолы — вакцинация. Балаларға көкжөтелге қарсы екпе өмірінің алғашқы айларынан бастап жүргізіледі.
Вакцинация 2, 3, 4 және 18 айында, кейін 6 жасында жасалады.
Мамандар ата-аналарға екпе күнтізбесін сақтаудың маңызын ескертеді. Себебі өмірінің алғашқы айларында нәресте инфекцияға өте осал келеді.
Көкжөтелдің алдын алуда қарапайым сақтық шаралары да маңызды. Бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалық жүргізу қажет. Жөтелгенде ауызды жабу, қолды үнемі жуу — инфекцияның таралуын тежейді.
Осыған дейін Шығыс Қазақстанда көкжөтелмен ауырғандар саны 2 есе артқанын жазған едік.